Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүзеге асырылуда. Биыл Батыс Қазақстан облысынан 1400-ге жуық бозбала Отан алдындағы борышын өтейді деп жоспарланған. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент хабарлады. Өткен жылы өңірден 1295 азамат әскерге аттанды. Биыл Отан алдындағы борышын өтейтін жастардың 60-ы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, сегізі Мемлекеттік күзет қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 370, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 20, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына – 220 азаматты жіберу көзделген. Күзгі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жүзеге аспақ.
Қазіргі таңда науқан қалай өтіп жатыр?
– Күзгі әскерге шақыру науқаны бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмыс істеп, азаматтарды медициналық куәландыру, олардың әскери қызметке жарамдылық санатын анықтау, жеке істерін зерделеу және әскери командалар құрамын жасақтау жұмыстары атқарылуда. Шақырылушылар белгіленген тәртіппен әскери бөлімдерге жөнелтіледі, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, 18 жастан 27 жасқа дейінгі, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға заңды негіздері жоқ ер азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады. Мерзімді әскери қызметтің ұзақтығы – 12 ай.
Десек те, әскерге шақырылған жастардың бір бөлігі саулығына байланысты медициналық тексерістен өте алмай қалады. Өңірдің қорғаныс істері жөніндегі департаменті ер азаматтардың қандай сырқаттармен әскер сапына ілікпей қалғанын медициналық құпияға байланысты жариялай алмайтындарын жеткізді.
Сала мамандары 2025-2026 жылдары аймақтан әскерге аттанып, борышын өтеуден қашқандар тіркелмегенін айтады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскерге қасақана бармай, жалтарғандарға жаза бар.
Әскерге барудан жалтарғандар Қылмыстық кодекс бойынша қудалануы мүмкін. Соған қарамастан, жауынгер атанып, әскер сапында қызмет атқарғысы келмейтіндер бар.
Тіпті соңғы оқиғалардан соң баласын әскерге жіберуге үзілді-кесілді қарсы ата-аналардың қарасы артты. Олар сарбаздардың қауіпсіздігі мен денсаулығына алаңдаулы. Каспийде болған оқиға қазақ халқының қабырғасын қайыстырды. Бейбіт күнде қаза болған жауынгерлердің өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Шенділердің қателігі 14 сарбаздың өлімімен аяқталды. Төрт марқұм Батыс Қазақстан облысынан әскерге аттанған еді. Қанды қырғынды құзырлы органдар тергеп жатыр. Кінәлілер сот алдында жауап берсе де, баласын әскерге жібергісі келмейтін ата-аналардың райынан қайтуы қиын. Қазақстандықтар әскерге реформа керек деп есептейді. Бірақ өзгеріс қашан әрі қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды.