Биыл Батыс Қазақстан облысында 706 жол көлік апаты тіркелген. Соның кесірінен 41 адам мерт болыпты. 1099 азамат түрлі жарақат алған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірде балалардың қатысуымен жол көлік оқиғасы да азаймай тұр. Аймақта 238 жол апаты тіркеліпті. Соның кесірінен төрт бала қайтыс болып, 300-ден астам кәмелетке толмаған жарақаттаныпты.
— Жол-көлік апаттарын азайту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.Атап айтқанда, облыс аумағында «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шаралары тұрақты түрде өткізіледі.Полиция қызметкерлері патрульдік бақылауды күшейтіп, ең алдымен жол-көлік оқиғаларына себеп болатын негізгі құқық бұзушылықтарды анықтауға басымдық беруде. Оның ішінде жылдамдықты шамадан тыс арттыру, көлікті мас күйінде басқару, қауіпті басып озу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және маневр жасау кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілеріне ерекше назар аударылады, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары оқу жылы қарсаңында білім беру нысандарына жақын орналасқан 153 жол инфрақұрылымын тексерген. Нәтижесінде кемшіліктерді жою үшін 100 нұсқама беріпті. Нұсқаманың 73-і орындалған. Полиция департаменті 94 мектеп автобусы да тексерілгенін хабарлады.
Өңірде жол көлік оқиғасын азайту үшін замануи құрылғылар қолданылуда. Тәртіп сақшылары дрондардың көмегімен тас жолда жылдамдықты асыратын, маневр жасауда жол ережесін бұзатын жүргізушілерді анықтап жатыр.