Оралда жаңа "Ақжайық" шағын ауданында емхананың құрылысы басталды. Облыстық құрылыс басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, мекеменің құрылысын "Таскала Транс Газ" ЖШС жүзеге асырмақ. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Құрылысшылар медициналық мекеменің іргетасын құйып, арматура мен бағаналарды монтаждап жатыр.
Жаңа емхана бір аусымда 250 адамды қабылдауға арналған. Ғимарат үш қабатты, "А", "Б", "В" атты үш павилионнан тұрмақ. Мекеменің жалпы ауданы 4709,77 шаршы метрді құрайды.
- Емхана құрамында келесі негізгі функционалдық үй-жайлар қарастырылған: вестибюль және тіркеу бөлімі, келушілер мен персоналға арналған гардеробтар, анықтамалық-ақпараттық бөлмелер, ақылы медициналық қызметтер бойынша касса, дәрігерлердің қабылдау кабинеттері, диагностикалық бөлімшелер, әйелдер консультациясы, дәріхана, балалар стоматологиясы бөлімі, сәулелік диагностика бөлімі және күндізгі стационар, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының мамандары.
Емхананың жанынан бөлек жедел медициналық жәрдемнің бөлімшесі салынбақ. Оның жалпы ауданы 440,80 м² құрайды.Бөлімшеде диспетчердің бөлмесі, дәрілік заттардың қорын сақтайтын бөлме, шығу желілік бригадасының бөлмесі, құралдарды сақтау, көлікті жөндеуге, оларды жуатын, зембілдерді сақтайтын бөлмеден тұрады.
"Ақжайық" шағын ауданында құрылысы басталған емхананың жалпы қосылған құн салығын есептемегенде 3 921,837 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары сегіз айға жоспарланыпты. Емхананың құрылысы 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде.