Жақын адамын ақтық сапарға шығарып салып, барлық салт-жоралғысы орындаған жандар мәйіт басынан жер алып қояды. Қара жамылған адам балалары мен туыстарына мені осы марқұмның қасына жерлейсіңдер деп өсиет айтады. Қазіргі таңда бұл үрдіс белең алып барады. Бұл сән әлде қажеттілік пе? Ерте зираттан жер алу қаншалықты дұрыс? Бұл сауалға Батыс Қазақстан облысының «Ар-Рахман» мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаев жауап берді.
– Өмірден өткен адамға жер табылады. Қай жерден болмасын, бір жерден жер бұйырады. Сондықтан жер алып қойып, алдын ала асығу дұрыс болып есептелмейді. Мысалы мына жерде адамның жұбайы қайтады, кейбір ағалар зираттың қасынан үлкен қылып, жер алып, қоршап қояды. "Ертең мен қайтсам, осы жерге жерле",-деп. Сіздің кімнің қасыңда жерленгеніңіз маңызды емес. Ең бастысы Шариғат шартымен жерленіп, қабірдің өзі Шариғат шартымен қазылса, артынан дұға бағыштап тұратын адам болса, әйтеуір бір мұсылмандар қауымына жерленсеңіз болды, - деді Бағдат Шақаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Ар-Рахман" мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаев садақа дастарханының мәзірі мен оған қойылатын талап жайлы айтқан еді. Бұдан бөлек, имам қарызы бар адамның жаназасы шығарылады ма деген көптің сауалына да жауап берді. Ол мұсылман мазары қандай болуы керек деген сауалға да пікірін айтты.