8 часов назад

2025 жылы Қазақстанда 150-ге жуық білім беру нысандары ашылды

Биыл ел аумағында мектепке дейінгі, орта және арнайлы, инклюзивті және қосымша білім беру мекемелері өз жұмысын бастады.

2025 жылы Қазақстанда 150-ге жуық білім беру нысандары ашылды
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Биылғы жылдың төрт айында ел аумағында мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде 126 ұйым пайдалануға берілді. Республикада осының арқасында  8,5 мың жаңа орын ашылды. Ал балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған кеңес беру орталығының саны 4 100-ге жетті деп оқу-ағарту министрлігі хабарлайды. Министрлік биыл ел аумағында 232 мектептің құрылысы жүріп жатырғанын мәлімдеді. Жаңа білім ошақтары 267 мың оқушының білім алуына септігін тигізбек. Шығыс Қазақстан және Алматы облысында жаңа форматтағы үш оқу ордасы есігін айқара ашып, қызметіне кіріскен.

Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 23 мектепте реновация жұмыстары басталыпты. Бұл жұмыстарға ғимарат қасбеттерін жаңарту, шатырлар мен терезелерді ауыстыру, су және электр жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру кіреді. 2027 жылға дейін 1231 білім ордасы күрделі жөнделеді деп жоспарлануда.

Инклюзивті және арнайы білім беру саласында жұмыс істейтін үш жаңа мекеме ашылды. Соның ішінде Ұлытау облысындағы аутизм орталығының іске қосылуына байланысты арнайы мекемелер саны 496-дан 504-ке жетті. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептер жанынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 121 қолдау кабинеті де қызметіне кірісті. Қазіргі таңда ел мектептердің 90 пайызы инклюзивті білім беруге қажетті жағдайлармен жабдықталған.

Ірі жобалар қатарында – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облысында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ашылған алты қосымша білім беру нысаны бар. Ал маусым айында Ақтөбе және Жетісу облыстарында екі заманауи балаларды сауықтыру орталығы іске қосылмақ.


Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp