Байланыс, интернет, жалдау ақысы және басқа да қызметтер тарифі қымбаттауы кәсіпкерлерге салмақ түсіріп отыр. Осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бизнес өкілдеріне шығынын қайта қарауға кеңес берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Қазір Үкіметте шығындарды оңтайландырумен айналысып жатырмыз. Арнайы жұмыс тобы құрылған, оны өзім басқарамын. Сондықтан бизнес те өз шығынын оңтайландыруы қажет, - деді Серік Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, электр энергиясы тарифінің алғашқы 30 пайыздық өсімін энергия үнемдеу шаралары арқылы өтеуге болады. Мысалы энергия үнемдейтін шамдарды пайдалану шығынды азайтуға көмектеседі.
Сондай-ақ, ол салық реформасы сыртқы нарықтағы тұрақсыздық кезеңімен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Бұл логистика мен бағаға әсер етіп отыр. Дегенмен, Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнеске қолайлы режимдердің басым бөлігі сақталған, ал салықтан жалтаруға мүмкіндік беретін тетіктер жойылған.
Сонымен қатар, Серік Жұманғарин Қазақстанда азық-түлік қымбаттауы тек қосылған құн салығы (ҚҚС) өсуімен байланысты емес екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, баға өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмайды. Екіншіден, әлемдік нарықта баға өсіп жатыр. Сонымен қатар, Отандық фермерлер өнімдерін экспортқа шығаруға мүдделі, бұл ішкі нарықтағы ұсынысқа ықпал етеді.