15 апреля в 14:45

Алаяқтар батысқазақстандықтардың 60 млн теңгедей қаржысын жымқырған

БҚО-да алаяқтар екі тұрғынның 60 млн теңгедей қаржысын жымқырыпты. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің қызметкерлері хабарлады.

БҚО-да алаяқтар екі тұрғынның 60 млн теңгедей қаржысын жымқырыпты. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің қызметкерлері хабарлады.
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Батыс Қазақстан облысында алаяқтар екі зейнеткердің қыруар қаржысын жымқырыпты. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады. Зардап шеккендер сәуір айында полицияға шағымданыпты. Алаяқтардың кесірінен жәбірленушілер пәтерлерін арзан бағаға саудалап, несие алып, депозиттегі қаржысын санап берген. Алаяқтар бұрынғыдай лезде ақшаны жымқырып, табанын жалтыратпайды екен. Олар адамдардың сеніміне кіріп, олармен бір айдай сөйлесіп, жәбірленушілер туралы бар ақпаратты біліп алады екен.  

— Алаяқтардың кесірінен бір тұлғаға 36 миллион теңге шығын келтірілді.Нақтырақ айтатын болсақ, жәбірленушіміз өзіне тиесілі екі пәтерін сатып, дропперлердің есепшотына салып жіберген. Бұл әрекет қалай жасалады? Қаскүнемдер жәбірленушілердің ақшасын жылдам алу мақсатында пәтерлерді арзан бағамен саттырады. Мысалға, пәтер 10-15 миллион тұратын болса, оны едәуір арзан қаққа сатырып, сол ақшаны өздеріне алды,- дейді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің кибер қылмысқа қарсы  басқармасының бастығы Артур Мұсағалиев.

Алаяқтар құқық қорғау органдарында жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр деп азаматтардың сеніміне кіреді екен. Қаскүнемдер жасанды интеллектің көмегімен елімізге танымал тұлғалардың бет-әлпетін жасап, жәбірленушілермен бейне байланыс арқылы сөйлескен. Ал, тәртіп сақшылары құқық қорғау органдары жедел-профилактикалық іс-шараларды бейне байланыс арқылы, телефон жасалмайтынын айтады.

Сәуір айында алаяқтарға алдандым деп полицияға Теректі ауданының тұрғыны шағымданыпты. Зардап шеккен адаммен оның отбасына 19 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

— Жәбірленуші Орал қаласына келіп, телефонмен сөйлесу арқылы алаяқтардың құрбаны болды. Нәтижесінде ол Теректі ауданына тұрғылықты жеріне барып, жұбайына есепшот аштырып, оған несие рәсімдетеді. Сонымен қатар, өзімен бірге тұрып жатқан інісінің Отбасы банкіндегі жинағын алып алады. Сонымен қатар, ол адамға да несие рәсімдетеді. Нәтижесінде осы жанұяға 19 миллион теңге шығын келтіреді,- дейді Артур Мұсағалиев.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға бөгде адамдармен сөйлеспеуге кеңес береді. Алаяқтармен сөйлескенде өзініңіз туралы ешбір ақпаратты айтпай, 1414-тен келген хабармалардың құпия сөзін айтпау керектігін ескертеді. Егер де қылмыскерлердің арбауына түсіп, алданып қалсаңыз, лезде полицияға шағымданыңыз. Неғұрлым тәртіп сақшыларына жылдам хабарлассаңыз, соғұрлым ақшаңызды қайтаруға мүмкіндік бар екен.

— «102» операторымен бірлесіп, жедел келіп түскен, хабарламаларды талдаймыз. Жүргізілген жедел әрекеттердің нәтижесінде, Теректі ауданы тұрғынының үш миллион теңгесін «Анти-фронт» орталығы бұғаттап үлгердік. Егер де уақытында жәбірленушілер хабарласатын болса, біздерде ол ақшаларды тоқтатуға мүмкіндік бар. Алайда зардап шеккен жандар уақытында хабарласпайды. Олар қандай да бір ойдан шығарылған іс-шараның өтіп жатқанына өздері сенеді. Алаяқтардан нақты жауап ала қалмай кезде, алданғанын түсінген кезде ғана хабарлады. Ол үш-төрт күннен кейін болуы мүмкін. Сол кезде алаяқтар ақшаны шетелге шығарып үлгереді,- дейді Мұсағалиев.

Облыстық полиция департаменті 2025 жылдың сәуір айын қоса санағанда жыл басынан бері  интернет алаяқтығының 153  фактісі тіркелгенін мәлімдеді. Ал, өткен жылдың осы уақытында өңірде 121 қылмыс болыпты. Биылғы жылдың үш айында алаяқтардың кесірінен батысқазақстандықтар 180 миллион теңгеден астам қаржысын санап берген.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp