Елордада WorldSkills Kazakhstan-2025 байқауы басталды. Республикалық додаға Батыс Қазақстан облысынан 36 құзыреттілік бойынша 42 қатысушы мен 39 сарапшы қатысып жатыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл WorldSkills Kazakhstan сайысы оныншы мәрте ұйымдастырылды. Жарыс техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және кадр даярлау сапасын арттыруды мақсат тұтады.

Оқу-ағарту министрлігі биыл чемпионаттың құзыреттілігі 30-дан 45-ке дейін артқанын хабарлады. 2025 жылы ұйымдастырылған додада 825 қатысушы бақ сынауда.

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар» жылы техникалық және кәсіптік білім саласын жаңа деңгейге көтерген ерекше жыл болды. WorldSkills - білім, дағды, табандылық сыналатын үлкен сын. Бұл – қазақстандық кәсіптік білім беру саласын әлемдік стандартқа жақындатқан реформаның катализаторы,-деп атап өтті оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова.

Чемпионаттың жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін халықаралық WorldSkills сайысқа жолдама алады.