«Мой город» порталының редакциясына «қызым мектепте буллингтің құрбаны болды», деп қала тұрғыны Қамар Әжібаева хабарласты. Оның қызы бір тоқсан бойы қатарластарынан әлімжеттік көріп келген. Кейіпкеріміздің жанұясы биыл өзге қаладан Оралға қоныс аударып, қызы №1 мектепте білім алуда. Қамар буллинг жайлы оныншы сыныпта оқитын қызынан естіп-білген. Қатарластарынан зәбір көрген бұрымды анасына тігісін білдірмей, мән-жайды айтпай, шағымданбапты.
– Қызымды сыныптастары қыркүйектен бастап ұрып-соғып келген. Оны біз жетінші қарашада анықтап отырмыз. Мен балалардың үстінен, мектеп басшылығының үстінен сотқа арыз жаздым. Осы күнге дейін мені мазалап, үйіме келіп, кешірім сұрап жүрді. Қазір ешбір бала ұрғанын мойындамай отыр.Бірақ іс қаралып жатыр. Мен сотқа беріп қойдым. Қызымның ұрған-соққанын видеоға түсіріп, әр жерге таратқан. Мектепте қорқыту, үркіту болған. Қызымды мектепте қайта-қайта шақырып, «сені ұрмады ғой», деп психологтар бәрі өз тарапына қаратып алып отыр. Қыздың кешірімін алып алғысы келіп, бірақ заңды өкілі ретінде кешірім бермеймін. Соттағы арызымды қайтіп алмаймын деп отырмын. Мына директорлар барлығының жауапқа тартылуын талап етемін. Осы іске жауап беретін, уақытында қадағаламаған. Сынып жетекшісі екі ай, бір тоқсан бойы қайда қарап жүрген? Солар ешқайсысы жұмыстанбаған, ешқайсысы балаға қарамаған. Біз таңертеңгі сегізден, түскі сағат екіге дейін баланы мектепке тапсырып отырмыз. Бұлар мектептің ішінде болған жағдай. Қызымды ұрған-соққан. Қызым бүкіл 10-11 сыныптың оқушыларының ауызында жүр екен. «Осы қызды үнемі ұрады-соғады. Дәлізде жылап кетіп бара жатқанын көреміз», депті. Тіпті әжетханаға кіргізіп алып, қыздар үркіткен, қорқытқан. «Сен келіп басымызға бәле болдың, сенің көзіңді құртамыз», деп айтқан. Сондай қорқытулар болған. «Өзбексің», деп айтқан. Біз Оралға Ақтау қаласынан жаңадан келдік, - деп жанақайын жеткізді Қамар Әжібаева.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті Қамар Әжібаеваның қызына қатысты буллинг болғанын растады. Тәртіп сақшылары жасөспірімге әлімжеттік көрсеткендер жедел түрде анықталғанын хабарлады.
– Оқиғаға қатысты кәмелетке толмағанды жәбірлеу дерегі бойынша материалдар жинақталды. Балалардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Қазіргі уақытта үш әкімшілік іс сотта қаралып, тағы бір іс бірінші желтоқсан күні қаралатын болады. Соттың қаулысы шыққаннан кейін кәмелетке толмағандар полиция бөлімінің профилактикалық есебіне қойылады. Олардың іс-әрекеттері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады. Оқу орнының әкімшілігіне әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қолдану туралы ұсыным енгізіледі, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті.
Мектептегі буллинг мәселесін Орал қаласы білім беру бөлімінен сұрап білдік. Осы оқу жылында өзге мектепте бір буллинг оқиғасы тіркеліпті. Әлімжеттік көрген оқушы мен оның ата-анасымен мектеп психологы жұмыстануда. Ал, №1 мектептегі әлімжеттік жайлы мамандар бүй дейді:
– 2025 жылғы жетінші қарашада оқушыға сыныптастары тарапынан жағымсыз сөздер айтылғаны туралы шағым сынып жетекшісіне түскен. Психологтардың әңгімелесу нәтижесінде оқушыға қатысты мазақтау элементтері, оның ішінде лақап ат қою, «ұлтына қатысты сөздер айту» секілді әрекеттердің орын алғаны анықталды. Психологтар мен сынып жетекшінің түсініктемелеріне сәйкес, оқушыға қатысты жағымсыз мінез-құлық танытқан үш оқушы анықталды. Сынып жетекшісі шағым түскен сәттен бастап оқушы және басқа оқушылармен жеке сұхбат жүргізді. Мәселені мектеп психологтарына бағыттады. Оқиғаны мектеп әкімшілігіне баяндады. Ата-аналарды мектепке шақырып, түсініктемелер алды. Мәселені құқық бұзушылықтың алдын алу кеңесінде қарауға бастамашы болды, - деп ақпарат таратты Орал қаласы білім беру бөлімі.
№1 жалпы білім беретін мектептің директорынан оқиғаның мән-жайын сұрадық. Оқу ордасының басшысы ата-ана сұратқан видеоларды полиция қызметкеріне құжат толтырып, тапсырғанын мәлімдеді.
– Жетінші қараша күні мені тәрбие орынбасары шақырды. Мен сабақтан шықтым. Тәрбие бөліміне барғанда тоғызыншы сыныптың оқушыларын шақырып қойған. Телефондарында видео бар деп шағымданды. Қандай видео дегенде бір-бірін мазақтаған, өзге оқушылар да бір-бірін мазақтаған. Бір-бірін ерсіленіп құшақтайды. Мостикқа тұрады, ерсіленіп кеткен видеолар. Бірдер оқушылармен сөйлестік. Неге түсірдіңіздер десем білмейді. Қыздармен сөйлессек, «апай, бізді де мазақтайды», деп айтады. Неге айтпадыңдар десем «біз бір-бірімізге жауабын қайтарамыз, біз де оларды мазақтаймыз», деп нормально сияқты көріп тұр. Оқушыдан сұрасақ, өзі айтпайды. Оны қайтадан психологқа жібердік. Бізге айтпай тұр, қайсы екенін анықтап беріңізші деп. Бірақ ол психологқа айтқан. (...) Бірден ата-аналарын шақыртық. Телефондардан видеоларын қарадық. Ерсіленіп, бір-бірін мазақтаған. Бір жасөспірімнің (телефонында-ред.автор) болды оқушыны шалып құлатқаны. Оны аяғынан шалған. Біз «бұл артық, мынандай ойын ойнайды ма?», деп ата-аналарын шақыртып, бірден түсініктемелерін алып, инспекторды да шақырдым. Ата-аналар «инспекторды шақырмаңызшы, кешірімін алайық», деп айтты. Мен аяқтарынан шалып, құлатып ойнау, бұл ойын емес, деп айттым.(...) Полиция бөлімінде видеоны көрсетейік десек, балалар қорқып, видеоны телефондарынан кетіріп тастаған. Сыныптың старостасы сонда ата-анасымен болды. Ол маған видеосын жіберді. Мен оны полицияға бердім. Түсініктеме берген кезде біздер «Акт изъятиямен» келеміз деп айтты. Ата-аналардың келіп-кеткені бар мынаның ішінде, дәлізде шалып құлатты деген видеоны телефоннан кетіріп тастаған, бірақ мыннан тауып алып, полиция мен сотқа бердім. Мендегі бар видеоны бердім, -деп айтты №1 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Гүлдана Серғазиева.
Мектеп директорынан әлімжеттік көрген және буллинг жасаған балалардың ата-аналары жасөспірімдермен жұмыс істейтін психолог сұрапты. Басшы облыстық педагогикалық-психологиялық қолдау орталығына хат жазып, психолог маман сұратыпты. Алайда қос тараптың ата-аналары арнайы маманның қызметінен бас тартқан.
Жақында Қамар Әжібаеваның қызына әлімжеттік көрсеткен жасөспірімдерге қатысты әкімшілік сотта іс қаралған. Облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқушыға зәбір көрсеткен төрт баланың ата-анасы баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды деп хабарлайды. Олар 39 320 теңге көлемінда айыппұл төлемек.
– Қарау барысында бірінші қыркүйектен жетінші қарашаға дейін тоғызыншы сынып оқушылары өз сыныптасына адамдық қадір-қасиетін қорлайтын сөздер айту, қорқыту және оның эмоциялық жай-күйіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер арқылы жүйелі түрде психологиялық қысым көрсеткені анықталды. Жәбірленуші мен оның заңды өкілінің бірнеше рет жүгінуі бойынша мектеп тарапынан профилактикалық шаралар жүргізілген — мектеп психологының және ювеналды полиция инспекторының қатысуымен әңгімелесулер өткен. Алайда кәмелетке толмағанның мінез-құлқындағы қайталанушылық тоқтамағандықтан, жағдай буллинг ретінде бағаланған. Сот отырысында мектеп директоры оқу орны оқушыларды қорғау үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап жатқанын, алайда отбасының қатысуынсыз тұрақты нәтижеге қол жеткізу қиын екенін түсіндірді. Қабылданған шаралар мұндай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі деп атап өтті. Буллинг фактілері куәгерлердің айғақтарымен, заңды өкілдің жазбаша өтініштерімен және іс материалдарымен расталды, - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Оқушының анасы сотта әділдік орнағанына дән риза. Алайда ол оқу ордасының басшылығы мен мұғалімдеріне ренжулі.
– Әкімшілік процесс болды. Балалар мойындады. Ата-аналар мойындады. Айыппұл жазып берді. Видеоларды ұсынды. Мектептегі бір-ақ видеоны берді. Бірақ маған соның өзі жарап жатыр. Менде аудиозаписьтері бар. Менің қызымды ұрған-соққандығы туралы. (...) Ата-аналар тарапынан маған қорқыту болды. «Балам үйден кетіп қалды. Балама бірдеңе болса, сіздер жауап бересіңдер, сотқа беремін», деді маған. Арызымды қайтіп алу туралы қорқытулар болды. Қызым мектепте оқып жүр. Бірақ «мама шошына беремін», деп айтады. Бірақ қазір барлығы қызыма жалпылдап жүр. Менің ренжитінім 24 баланың ішінде неге бір баланың қызыма жаны ашымады? Жақсы, ұл балалар қатыгез екен. Қыз балалардың неге жаны ашымады? Неге қорғамады? Жоқ, қыздар қорғамай, видеоға түсірген. Неге басқа пән мұғалімдері, сынып жетекшісі қызымның таяқ жеп жүргенін, неге көңіл күйін, жылап бара жатқанын неге бірде-біреуі көрмейді? Директор неге жұмыстанбайды? Директор бұны біліп отырады. Біліп отырып, неге маған керек материалдарды бермеді? Мен анасы ретінде алдына бірнеше рет бардым. Қызымның видеоларын беріңіз деп. «Жоқ тарап кетеді, бермеймін», деді. Бірақ ол видео тарап болған. Бүкіл сыныптастарының телефонында болған, бір-біріне жіберген. Мен 10-11 сыныптың қыздарынан естідім. Үлкен қызым оныншы сыныпта оқиды. Ол сабаққа арланып барғысы келмейді.(...)Қызым бір тоқсан бойы психологиялық жарақат алды. Ішінде қорқыныш бар. Ұлдар қорқытқан.(...) Мен барлық жерге жаздым. Қалалық прокуратураға, қала әкімдігіне жаздым. Енді облыстық әкімдікке жазғалы отырмын. Мен қызым үшін бәріне барамын! Бірақ кеше сотта шындық, әділдік болды. Сотта: « Меннен не талап етесің», деп сұрады? Мен соттан шындық, әділдік керек дедім. Қызымды ұрды ма? Соған көзімді жеткізгім келеді. Төртінші сотта барлығы анықталды. Ұрғаны, бәрі мойындады. Барлығы сотта мойындады. Ең соңғы сотта мен айттым қызымның қорланып келгені үшін моральды шығын өтесін деп айттым. Себебі мен қызымды жеке психологтарға қаратам, маған мектеп тарапынан қараған психолог керек емес. (...) Бұл балалар толық өкінсін. Ата-аналары өкінсін. Үйінде дұрыс тәрбие бермеген. Бұл оқиға бір күн болса, ойын деп қабылдар едім. Бұны қасақана жасап отыр. Оның жуас екенін біліп, тікелей барып, қызыма тиісіп тұр. Бұның арты зорлық-зомбылыққа алып барар еді. Қазіргі жасөспірімдердің организмі дамып келе жатыр. Ертең оныншы сынып оқиды. Қызыма төрт бала тиіскен. Егер олар қызымды зорласа кім жауап береді? Менің сонда елге қарайтын бетім қалмайды ғой! - деп күйінді Қамар Әжібаева.
Оқиғадан соң мектеп директоры буллингтің құрбаны болған оқушының сынып жетекшісіне, екі мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына сөгіс берген. Жазадан білім ошағының басшысы да сытылмапты. Орал қаласының білім беру бөлімі №1 мектептің директорына сөгіс беріп, тәртіптік жаза кескен.
Оқу ордасында әлімжеттік оқиғасынан соң кезекші мұғалімдердің саны арттыпты. Қоңырау уақытында әрбір сыныптың қасында пән мұғалімдері кезекшілік атқарады екен. Ал, буллинг жасаған оқушыларды алты айға мектепшілік бақылауға алған.
«Қызым мектепте буллингтің құрбаны болды», деп шағымданған Қамар Әжібаева әкімшіліктің соттың қаулысы шыққаннан кейін, зәбір көрсеткендерді Азаматтық сотқа бермекші. Ата-ана буллинг жасағандардан моральды шығын өндіріп алмақ. Кейіпкеріміз қызын дамытып, оны ашу үшін жеке психологтармен жұмыстануды жоспарлап отыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда буллинг жасаған жандарға жаза күшейді. Әлімжеттік көрсеткендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Оқиға қайталанса, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағы да айыппұл салынады.
Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылдың 11 айында республика аумағында 404 буллинг ісі тіркелгенін хабарлады. Әлімжеттік көрсеткен 238 адам жауапкершілікке тартылған.
Қазақстандық мектептер мен колледждерде жаңа оқу жылынан бастап «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы енгізілді. Бұдан өзге, оқу ордаларында «111» байланыс орталығының QR орналастырылған. QR арқылы балалар өзінің құқықтарының бұзғанын жедел әрі анонимді түрде хабарлай алады. Байланыс орталығымен хабарласу үшін арнайы белгілер мектептің дәлізі, баспалдақтар мен санитарлық бөлмелерде ілінген.