Туризм және спорт министрлігі Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты дайындау үшін өткен жылы жұмсалған қаражатты жіпке тізді. Ел қазынасынан 2025 жылы спортшының дайындығын қамтамасыз ету үшін 263 394 581 теңге жұмсалғаны белгілі болды. Ол 19 оқу-жаттығу жиынына қатысыпты. Оның сегізі елде өтсе, қалғаны шетелде ұйымдастырылған. Бұл үшін 47 миллион теңгедей ақша жұмсалған. Сондай-ақ Шайдоров бес халықаралық жарыста бақ сынаған. Ол үшін 16 миллион теңге қаражат төленген.
– 2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС, федерация және әкімдік желісі бойынша) 33 989 000 теңгені құрады. Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС және федерация желісі бойынша) 26 000 000 астам теңге болды. Хореограф И.В. Регинаның 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ және федерация желісі бойынша) 23 000 000 теңгені құрады, – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Бұған қоса спортшының қосымша түрде жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру және шығармаларға авторлық құқықтарды сатып алу шығындары төленген. Михаил Шайдоров әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижесі үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алыпты. Ал жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленген.
Туризм және спорт министрлігі елімізде Олимпиада ойындарына спортшыларды даярлау үшін бірнеше мекеме қоян-қолтық жұмыс істейтінін хабарлады.
– Қазіргі таңда елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамытылуда. Милан және Кортина қалаларында өткен 2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы он дисциплина бойынша өнер көрсетті. Олимпиадалық цикл аясында ұлттық құрамалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысты. Дайындық сапасын арттыру мақсатында әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік маман тартылып, заманауи әдістемелер енгізілді, нәтижесінде отандық спортшылардың дайындық деңгейі едәуір артты, – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.