Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалысы үшін инватакси қызметін іске қосты. Аталмыш қызметке көңілі толмай, сынағандар да аз емес. Жыл санап инватаксиге қойылатын талап та күшейіп келеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі күні бүгінге Алматы мен Астана қаласында 439,4 мың рет инватакси қызметін қолданғанын хабарлады. Ал, өткен жылы инватакси 207,2 мың рет қызмет көрсеткен.
Инватакси қызметінде мәселе шаш етектен. Мүгедектігі жандарды тасымалдау үшін көлік жетпейтіні жасырын емес. Қызметті қолдану үшін мүгедектігі жан бір күн бұрын жазылуы шарт. Ал, шұғыл жерге бару керек болса, тасымалдайтын көлік таба алмайды. Осы олқылықты түзету үшін такси агрегаторларын іске қосу жобасы енгізілді.
– Пилоттық жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады.Биыл Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдар қатарынан фокус-топтың қатысуымен жобаны пилоттық режимде іске асыру жалғасуда. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлеріне масштабтау жоспарлануда,-деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.