Оралда жөндеуден соң №18А кәріз сорғы станциясы іске қосылды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Пайдалануға берілген кәріз сорғы станциясы 150 мың тұтынушыға қызмет көрсетпек. Жөндеу көрген станцияны жауаптылар салтанатты түрде іске қосты.

— 2023 жылы жасақталған жол картасына сәйкес Орал қаласында негізгі жүктемені көтеретін сегіз ірі стансаны жөндеу жоспарланса, соның алтауы жаңғыртылды. №1 және №29 кәріз-сорғы стансаларын жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Аталған сегіз жобаға бюджеттен 12,3 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде кәріз жүйесінің тозу деңгейі 63 пайыздан 55 пайызға түседі. 366 мыңнан астам тұтынушы тұрақты су бұру қызметімен қамтылады, — деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қуаты төмен, кіші сорғы станциялар кезең-кезеңмен жөндеу көретінін атап өтті.