Қазақстандықтардың қолындағы алтын қоры тоғыз тоннаға жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz. Бұл шамамен 1,5 миллиард доллар немесе 719,7 миллиард теңге. Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі таңда бір грамм алтын 79 971,37 теңге тұрады.

2025 жылы Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен жекелеген айырбастау пункттеріне жалпы салмағы 889,5 келі болатын 27 807 өлшемді құйма сатқан. Сатылымның 74%-ы Алматыға тиесілі – 20 526 дана. Астанада 1 650 дана, Шымкентте 1 099 дана өткізілген.

Биыл банктер мен айырбастау пункттері кері сатып алуды есепке алғанда халыққа 40 799 алтын құйма сатқан. Бағдарлама басталғалы бері барлығы 263 479 құйма сатылып, жиынтық салмағы тоғыз тоннаға жеткен.

Ең сұранысқа ие – он граммдық құйма. Оның үлесі 26% немесе 67 833 дана. Одан кейін бес граммдық құймалар – 22%, 100 граммдық – 20%, 20 граммдық – 19% және 50 граммдық – 13%.

Ұлттық банк нарықтағы өтімділік кері сатып алу тетігі арқылы қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Құйманы өткізген клиентке ақша сол күні төленеді.

Сарапшылар мұны халықтың қаржы жүйесіне сенімсіздігімен және инфляциялық қысыммен байланыстырады. Теңге құбылып тұрған кезде қазақстандықтар жинағын қағазда емес, нақты металда сақтауды жөн көреді.