2025 жылы өңірде медициналық мекемелер көрсетілмеген қызметі үшін ақы алмақ болған. Бұл туралы МӘМС облыстық филиалының мамандары мәлімдеді. Емдеу мекемелері 71 557 687,21 теңгеге негізсіз қызмет көрсеткен. Қазіргі таңда өңірде 56 медициналық мекеме МӘМС қорының облыстық филиалымен келісімшарты бар.
Филиал басшысы 2025 жылы өңірде медициналық мекемелердің жорта қызмет құнын қымбаттатқанын да хабарлады. Мұндай 372 жағдай тіркеліпті. Емдеу мекемелері қызмет құнын 443 157 194,76 теңгеге қымбаттатқан. Заң бұзған мекемелер айыппұл арқалаған.
Бұдан бөлек, ем-дом мен емдеу мекемесіне көңілі толмаған батысқазақстандықтар МӘМС филиалына арызын жолдапты.
— Бізде 2025 жылдың нәтижесі бойынша 963 шағым болды. Оны себептерімен жіктейтін болсақ, ішінде медициналық көмектің сапасына шағымданғандар бар және медициналық ұйымдарда көмекті көрсету кезінде ұйымдастыру жұмыстарына, дәрі-дәрмектердің болмауына байланысты болған шағымдар болды. Одан бөлек, кейде көрсетілмеген медициналық көмектерді көрсетті деп азаматтардың өздері шағымданып, өтініш білдіреді. «Дөрекілік көрсетті», деп хабарласатын науқастарымыз бар. Өтініш берушілердің 500-ден астамы өтініштерін кері қайтарып алды, – деп хабарлады міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Сандуғаш Болысбекова.
Науқастардың емдеу мекемелерінің жұмысы, дәрі-дәрмекпен қамту ісі, ем-дом шараларына байланысты сұрақтары болса, 1414 нөміріне қоңырау шалып, Е-өтініш платформасы арқылы арызын жазбаша жолдай алады. Немесе Орал қаласы Есқалиев көшесі 177 мекенжайында орналасқан МӘМС қорының Батыс Қазақстан облысы филиалына жолыға алады.