Биыл елімізде 54 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Сала мамандары 290 мыңнан астам адамға 30,2 миллиард теңге қаражат төлеген.

Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

  • Табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

  • Табысы аз отбасылардағы бір жас пен алты жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Ағымдағы жылдың бірінші желтоқсанына АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 90,5 мың балаға 3,7 миллиард теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

  • Жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.