4 часа назад

Қазақстанда алғаш рет колледж студенттері халықаралық сынақ тапсырады

Сынақ тапсырған колледж студенттері біліктілігі бойынша шетелде еңбекке араласа алады.

Қазақстанда алғаш рет колледж студенттері халықаралық сынақ тапсырады
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Алғаш рет елімізде колледж студенттері халықаралық сертификаттау басталды. Сынақ тапсырғандар біліктілігі бойынша шетелде жұмыс істей алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. 

Министрліктің таратқан ақпарына сүйенсек, халықаралық сертификаттау жүйесі Certiport платформасы негізінде іске қосылыпты. Қазіргі таңда жаңа жүйе еліміздің бес оқу орнында пилоттық режимде сынақтан өтуде. Алғашқы сынақ «Talap» КЕАҚ тестілеу орталығында ашылды.

Certiport — бұл цифрлық технологиялар мен кеңсе бағдарламалары саласында кәсіби сертификаттауға бағытталған халықаралық платформа. Ол білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі — Ұлыбританиялық Pearson компаниясының құрамына кіреді. Аталмыш сертификаттар әлемнің 152 еліне танылған. Олардың қатарында — АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Австралия және Таяу Шығыс елдері бар.

Бұл қазақстандық колледж студенттерінің өз дағдыларын халықаралық стандарттар бойынша дәлелдеп, шетелдік жұмыс берушілер тарапынан танылуына, шетелде тағылымдамадан өтіп, жұмыс табуда артықшылыққа ие болуына және жаһандық еңбек нарығына шығуына мүмкіндік береді.

— Қазіргі таңда колледж түлектеріне тек диплом емес, нақты дағдыларын растауы да қажет болуда. Халықаралық сертификаттау оларға Қазақстанда да, шетелде де жаңа мансаптық мүмкіндіктер ашады, — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Қазіргі таңда сынақ ASTANA POLYTECHNIC жоғарғы колледжі базасында өтіпті. Нәтижесінде төрт студент өз кәсіби құзыреттерін растап, халықаралық сертификатқа ие болды.


Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp