БҚО-да нашақорлық ауыратын 700 адам динамикалық есепте тұр
Биыл 90 нашақорлықпен ауыратын науқас медициналық мекемеде ем-дом қабылдапты.

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылдың бес айында нашақорлықпен ауыратын 700 адам динамикалық есепте тұр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Басқарманың таратқан ақпарына сүйенсек, биылғы жылдың бес айында нашақорлық індетімен науқастанған 90 науқас тиісті ем-дом қабылдапты. Өткен жылы да 90 адам емдеу мекемесінде емделген.
Есірткінің денсаулыққа зияны жайлы көп айтуға болады. Ол- орталық жүйке жүйесіне, миға, жыныс жүйесіне, бауырға және бүйрекке әсер ететін улы зат. Дәрігерлер есірткінің тырнағы ілініп, тұсағына түсу адамның денсаулығы мен психикасына ауыр болуы мүмкін деп дабыл қағуда. Әсіресе, жас организм үшін қауіпті болуы ықтимал. Облыс аумағында нашақорлықпен ауыратын үш кәмелетке болмаған бала тіркеліпті. 2025 жылдың бес айында бала емдеген.
Соңғы уақытта синтетикалық есірткі деген ұғым шығып, соған аңсары ауғандар көбейіп келеді. Дәрігерлер синтетикалық есірткімен ауыратын жандарды емдеуде кешенді әдіс-тәсілдерді қолданады.
— Нашақорлықпен күресудің алғашқы қадамы- оның бар екенін мойындау. Келесі қадам- — детоксикация. Емдеуді бастау үшін есірткіні денеден шығару үшін детоксикациядан өту керек. Детоксикациядан кейін оңалту кезеңі басталады. Психотерапия адамға тәуелділіктің себептерін түсінуге, жағымсыз мінез-құлық үлгілерін өзгертуге және өмірдегі қиын жағдайларды есірткісіз шешуді үйренуге көмектеседі, - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Нашақорлық індетімен сырқаттанғандарды көбінесе тума-туыстары, достары емдетуге алып келеді екен. Кейде науқастардың өздері медициналық ем-домға жүгініп жатады екен. Көмекке жүгінуге құқық қорғау қызметкерлері, педагогтар мен психологтар да түрткі болады. Тіпті соттың шешіміне сәйкес мәжбүрлі түрде 2025 жылдың бес айында төрт науқас емделіпті. Қазіргі таңда үш адам ем-дом жалғастырып жатыр. Жылдар бойы аталған індетпен ауырып, сырқатынан жазыла алмайтындар көп. Дәрігерлер бірнеше жылдап есірткі тұтынатындар толыққанды тәуелділігін жеңуге болады. Алайда бұл оңайға соқпайтынын ескертеді. Емдеуден кейін, оңалтуға екпін салады.