Батыс Қазақстан облысында 37 мыңнан астам кәсіпкер оңайлатылған салық режимін таңдады. Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті хабарлайды. Жалпы өңірде 43518 бизнес субьектісі таңдау жасауы керек еді.

Жаңа салық кодексіне сәйкес жеңілдетілген режимде жұмыс істеген кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер департаментіне хабарлауы керек еді. Алайда бұл ережені ескермей, мамандарға 5500-ден астам бизнес субьектісі хабарламапты. Сол себепті олар бір жылдай жалпыға бірдей салық режиммен жұмыс істейді. Бұның салдарынан сала мамандары былай деп түсіндіреді:

– Салық жүктемесінің артуы – ЖБР бойынша табыстан шамамен 10%, ал оңайлатылған декларация бойынша 4% мөлшерінде салық төленеді. Толық бухгалтерлік есеп жүргізу міндеті туындайды. Жылдық табыс 43,2 миллион теңгеден асқан жағдайда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу және 16% ҚҚС төлеу міндеті пайда болады. Сонымен қатар, 2025 жылы патент негізінде немесе e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істеген, бірақ хабарлама тапсырмаған немесе жеке кәсіпкерлікті жаппаған тұлғалардың жеке кәсіпкер мәртебесі 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап кері күшпен жойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар қызметін тек өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде аталған қосымша арқылы жалғастыра алады, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер департаменті.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа салық кодексі күшіне енді. Жаңашылдыққа сәйкес кәсіпкерлер салық режимін таңдауы шарт. Мемлекеттік кірістер комитеті елімізде 1,2 миллион кәсіпкер таңдауын жасаған.

Қазақстандық кәсіпкерлер салық режимін таңдады