Алтыншы сәуірде облыстық мәслихат сессиясының кезекті отырысы өтті. Жиында түрлі комиссия құрамы бекітілді. Жаңадан қолданысқа енгізілген заңнамаларға сәйкес комиссия мүшелері де өзгеріске ұшырады. Кейін халық қалаулылары мәслихаттың тұрақты комиссия төрағаларының есебін тыңдады. Төрағалар 2025 жылы атқарған қызметін жіпке тізді. Біраз жұмысты еңсеріп, біраз сауал бойынша жұмыстанғанын жайып салды. Жиында облыстық мәслихат депутаты Борис Лаврентев мемлекеттік тілде баяндама жасады.

Кейін мәслихат депутаттарының назарына өңірде салынуы тиіс төрт жобаны таныстырды. Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Парасат Жұмағалиев Ақжайық шағын ауданында бой түзейтін жаңа мектеп пен Зачаганск кентінде салынатын мектеп тыс орталықтың жобасы таныстырды. Ол қос білім беру нысанының маңызына тоқталды. Жаңа білім беру ордасы 1500 балаға арналған.

- Екінші жоба – Орал қаласында дамыту және шығармашылық орталығының құрылысы. Зачаганск елді мекенінде 14 мыңнан астам оқушы білім алуда, алайда арнайы қосымша білім беру ұйымдары жеткіліксіз. Жаңа орталық жыл сайын алты мыңға жуық оқушының білім алуына мүмкіндік береді, олардың шығармашылық, зияткерлік және физикалық дамуын қамтамасыз етеді, -деп ойын түйіндеді Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Парасат Жұмағалиев.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиев Барбастау-Ақжайық-Индер жолының құрылысын таныстырды. Ал, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусин Ақсай қаласының кәріз жүйесін жаңалау жобасын мақұлдатты.

Мәслихат сессиясында депутаттар тексеру комиссиясының жаңа мүшесінің кандидатурасын бекітті. Тексеру комиссиясы Нариман Темірғалиевпен толықты.

Жиында депутаттар киік мәселесін көтерді. Жануарлардың санын дереу реттеу керектігін тілге тиек етті.