Елімізде жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы мамандандырылған халыққа қызметке көрсету орталығында емтихан тапсырады.Сыннан сүрінбей өткендер жүргізу куәлігін алады. Бірақ практикалық емтиханнан сүрініп,тіпті жол-көлік оқиғасына жол беретіндер бар.
Орал қаласында арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының аумағында 17 жол апаты тіркеліпті. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары Руслан Мухамбеталиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
- 2025 жылы практикалық емтихан тапсыру кезінде осындай 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Яғни кейбір үміткерлер бордюрге соғылып, көліктің бамперін зақымданған, бетон блоктарға соғылған, бампері мен дөңгелегін сызып алған жағдайлар болды. Ережеге сәйкес, егер үміткер емтихан кезінде жол-көлік оқиғасын жасаса, міндетті түрде 102 нөміріне хабар беріледі. Оқиға тіркеліп, үміткердің қатысуымен көліктегі сыртқы зақымдар тізімі жасалды және екі тарап қол қояды,-деп жазды Руслан Мухамбеталиев.
Кейін көлік уақытша пайдаланудан шығырылып, тұраққа қойылады екен. Арнайы бағалау компаниясы келтірілген шығынды есептейді, ал үміткер сол шығынды өтеуі керек. Егер төлемнен бас тартса, іс сотқа жолданады екен.