Үкімет отырысында алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін атап өтті.

–Су ресурстары министрлігі бекітілген шектен тыс су берудің алдын алсын. Бұл - өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әр тараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуге тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта 100 гектар болуы керек десек, ертең бір гектардан артық егілсе, оған бір тамшы су бермейміз. Ертең ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек, - деді Олжас Бектенов.

Алдағы вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерде суармалы судың тапшылығы бір миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады.