Президент Ақтөбеге барды
Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Президент қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне барып, күш шоқтарын қойып, тағзым етті. Биыл батырдың қыздың дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Осыған орай Ақтөбеде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ақтөбеге келген президент Тоқаев өңір жұртшылығымен жүздесті.
– Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рақмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Ол – біздің мақтанышымыз. Сондықтан оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақтөбеге табаны тиген президент XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты. Биыл Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастың басын қосқан іс-шара Ақтөбе облысында ұйымдастырылып отыр Бұл туралы Ақорда хабарлады. Слет қос атаулы датаға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналады. Мемлекет басшысы қатысушыларды «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды.
– Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті. Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – біздің елдерімізге ортақ тарихи мереке. Ұлы Жеңіс күнін атап өту – батыр бабалардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жадымызда жаңғырту деген сөз. Қазақстан үшін мұның мән-мағынасы айрықша. Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, азаттық пен әділдік үшін аянбай күресті. Қазақстаннан 1 миллион 200 мың азамат майданға аттанды, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Мыңдаған адам далада, зауыттар мен фабрикаларда еңбек етіп, майданға азық-түлік, қару-жарақ және оқ-дәрі жіберді. Біз даңқты ерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ешқашан ұмытпаймыз, олардың есімін мәңгі есте сақтаймыз. Батырларымыз жер-жаһандағы бейбітшілік пен тыныштық үшін аса ауыр сынақтарды еңсерді, – деді мемлекет басшысы.