Елімізде зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға арналған кабинет ашылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.

Президент «Құқық бұзушылық профилактикасы» заңына қол қойды. Жаңа заң кәмелетке толмағандар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын алуға, шұғыл көмек инфрақұрылымын құруға жол ашады. Өңірлерде бала құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма ашуға, заң бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейтуге арналған.

— Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету кабинетінде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидатымен кешенді қолдау көрсетіледі. Балаға қолайлы жағдайда алғашқы психологиялық көмек, сот-медициналық сараптама жүргізу, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алу сияқты кешенді шаралар қарастырылған,—деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.

Жаңа бастаманың аясында еліміздің білім беру ұйымдарында «баса назар аударуды қажет ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалыө сүйемелдеу» инстуты енгізілмек. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған.