Елімізде қысқы Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Қысқы ҰБТ-да 184 мың талапкер тест тапсырды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Тест тапсырғандардың 320-сы ереже бұзған. 198 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болған. Ал, 120 адам тест кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылыпты. Аудиториядан қуылғандардың нәтижелері жойылған. Бейне бақылауды тексергенде екі адамның сертификаты жойылған. Министрлік өкілдері өзге адамдардың орнына кіру дерегі болмағанын атап өті.

– 2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сын 184 мыңға жуық адам өтті. Талапкерлердің 75% тестілеуді қазақ тілінде, 25% орыс тілінде және 113 адам ағылшын тілінде тапсырды. Талапкерлердің 68% шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл, – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» комбинацияларын таңдаған. Атап айтқанда, 19,2%-ы тапсырды. «Биология-Химия» пәндерін 16,8% таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 9,8% таңдаған «Шығармашылық емтихан» комбинациясына кірді.