4 часа назад

6 млрд теңгені жымқырғандар сотталды

Ақтөбеде қыруар қаржы жымқырған өнеркәсіп мекемесінің басшының орынбасары мен бас есепшісі сотталды

6 млрд теңге жымқырған: Ақтөбеде ірі өнеркәсіптің бұрынғы басшылары сотталды
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Ақтөбеде «Ту-Ха» мұнай технологиялық қызмет көрсету компаниясы ЖШС директорының орынбасары, бас бухгалтері және олардың бірнеше көмекшісіне қатысты алты миллиард теңгеден астам қаржыны ұрлау ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

—  Ақтөбе қаласының №2 сотында «Ту-Ха» ЖШС-ның директордың орынбасары мен бас бухгалтері және олардың үш көмекшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Мемлекеттік айыптаушы тарап сотқа 189-бап (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) және 218-бап (қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру) бойынша айып тақты. Іс материалдарына сәйкес, тергеу барысында айыпталушылар 2007-2021 жылдар аралығында 6 млрд 116 млн 310 мың 603 теңге көлемінде қаржыны ұрлағаны анықталды,  – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Іс материалдарына қарағанда, ұрланған қаржыға айыпталушылар әртүрлі қаладан 16 пәтер, сегіз жер учаскесін, Ақтөбеде «Юрта Парк» және «Принцесса Сабина» балалар ойын-сауық кешенін қоса алғанда үш ойын-сауық нысанын, сондай-ақ төрт бизнес-классты автокөлікті және қолма-қол ақшаны сатып алған.

Сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденген деп танып, үшеуін жетіден сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырды. Солардың бірін сот залында тікелей қамауға алды.

Сонымен бірге Бас прокуратура мәліметінше, кейбір БАҚ-та 2007-2021 жылдары айыпталушылардың шенеуніктерге пара беріп, сотқа қысым жасау әрекеттері туралы ақпарат тараған. Бұл мәлімдемелер сот пен прокуратура тарапынан мұқият тексеріліп, заңды баға берілген. Үкімде сот мұндай мәлімдемелерді жауапкершіліктен жалтарудың әрекеті ретінде қарастыратыны атап өтілген.

—  Осыған байланысты, сотталмаған фактілерді ескермей жарияланған материалдар соттың әділ шешім қабылдауына кедергі келтіруі мүмкін. Сол себептен азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз, – деп атап өтті ведомство.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp