Орал қаласында әдеп кеңесі өтті. Кеңесте екі тәртіптік іс қаралды. Бірі- Бөрлі ауданына қарасты Пугачев ауылының әкімі Мереке Изтелеуовке қатысты еді. Әкім ауыл чатында бөгде адамның туысын «почти как аферист» деген сөзі үшін тәртіптік жаза арқалады.

– Ауылдық округ әкімі Мереке Изтелеуовке «Findom» микроқаржы ұйымының заңгері ватсап нөмірі арқылы дауысты хабарлама жолдаған. Бұл хабарламада заңгер Пугачев ауылдық округінің тұрғыны Аслан Альдикенов несие алып, төлемегендігін жеткізген. Сонымен бірге, А.М. Альдикенов Пугачев ауылдық округі әкімі аппаратында қызмет атқаратындығын көрсеткен. Осы себептерге байланысты Альдикеновты іздеу барысында анасының телефон нөміріне шыққан. Алайда анасы А. Альдикеновамен байланысқа шыға алмағандықтан, әпкесіне байланысқа шыққан. Байланыс барысында ауылдық округ әкімі «Почти как аферист» деп айтқан,-деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Мөлдір Серикова.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Мөлдір Серикованың таратқан ақпарына сүйенсек, Пугачев әкімі бейәдеп сөзі үшін несие алып, оны төлемей жүрген ер адамның әпкесінен кешіріп сұрапты. Оны шағымданушы тарап місе тұтпай, ауылдың WhatsApp группасында кешірім сұрауды талап еткен көрінеді. Бүгінгі таңда ауыл әкімі талаптарды орындапты.

Әдеп кеңесінде Пугачев аулының әкімі өзге жиналыста болуына байланысты жиынға қатыспады. Істі әкімсіз қараған кеңес мүшелері оған ескерту түріндегі тәртіптік жаза берді.

Жиында Бәйтерек ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатовқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Бөлім басшысы да бейәдеп сөз айтқаны үшін жауапқа тартылды. Оның үстінен Гумаров атты азамат шағым түсірген. Ол Баяхатовтың телефон арқылы тілдесіп отырған сәтін, видеоға түсіріп, шағымданыпты.

Әдеп кеңесінде сол видео көрсетілді. Бейнежазбада телефонмен тілдескен Артур Мақашұлының бірнеше мәрте былапыт сөздерді айтып отырғаны таспаланған. Өз кезегінде бөлім басшысы жұмыстың ауыр екенін, үш орын бос тұрғанын атап өтті.

– Түсініктемемде менің тарапымнан қызметтік қателіктер кеткенін мойындадым. Бұл үшін қазір де кешірім сұраймын. Бұған дейін де кешірім сұраған едім. Бұның басты себебі- бөлімде жұмыс көп. Бүгінгі таңда біздің бөліммен 19 нысан салынып жатыр. 80 пәтер. Оның 60-тан астамы әлеуметтік осал топтарына арналған. Бұдан өзге, жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Таңғы тоғыздан бастап бізді келушілер күтіп отырады. Олар жерге орналастыру жобаларын мақұлдау үшін келеді. Жазда жұмысқа орналастым. Сол кезде өзіндік қосалқы шаруашылыққа арналған жер телімдерін беру мәселесі бар еді. Ол жерлер шаруашылықты жүргізу үшін беріледі. Кейбір жандар осындай жер телімдерін рәсімдеумен айналысады. Олар құжатты рәсімдеп үлгермей жатып, саудалайды. Олардың хабарландыруын бірден көруге болады. Осыны тәртіпке келтіру үшін бас жоспар мен толық жоспарлау жобасын ұстана бастадым. Мен осылайша кейбір адамдардың заңсыз бизнесінің жолын кестім деп айтуға болады. Екі айдан соң тамыздан бері агенттікке, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мен бас прокуратураға хат жазып жатыр,-деп баяндады Бәйтерек ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатов.

Әдеп кеңесінің мүшелері телефон арқылы бейәдеп сөздер айтқан бөлім басшысына қатаң сөгіс берді.

2025 жылы Батыс Қазақстан облысында әдеп кеңесінде 18 тәртіптік іс қаралыпты. Кінәлі тұлғалар түрлі жауапкершілікке тартылған.