Ақтөбе облысында су бөгетінің құрылысына салғырт қарағандар жауапқа тартылды
Су бөгетінің қирауынан 211 млн теңге шығын келіп, 215 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Ақтөбе облысында «Магаджан» су бөгетінің қирауына әкелген немқұрайлық фактісі бойынша тергеу аяқталды деп қаржылық мониторинг агенттігі хабарлайды. Су бөгеті Хромтау ауданында орналасқан.
Бөгеттің бұзылуына жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің өз қызметін лайықты орындамауы себеп болыпты. Әкімдік қызметкерлері бөгеттің гидротехникалық құрылысының техникалық жағдайын бақыламапты. Олар тексеріс жүргізбей және апаттың алдын алуға қажетті шараларды қабылдамаған.
Соның кесірінен Алға ауданының елді мекендері мен Ілек, Қарғалы өзенінің маңындағы бау-бақша ұжымдары су астында қалды. 215 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 96-сы-бала. Келтірілген шығын 211 миллион теңгеден астам қаражатты құрайды. Сот үкімімен кінәлі тұлғаға бір жыл алты ай мерзімге бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.