Ақтөбе облысында екі күннің ішінде жол жүру ережесін бұзған 1351 дерек тіркелді. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі өңір жолдарын тексеріп жатыр. Нәтижесінде біраз заң бұзушылықты анықтапты.

11 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған, есірткі және психотроптық заттарды тұтынудың бір дерегі, қарсы қозғалыс жолағына шығудың бес дерегі, бағдаршамның тыйым салу сигналына өтудің 20 фактісін анықтапты. Тіпті 47 адамның жүргізу куәлігінсіз темір тұлпарды басқарғаны белгілі болды. Жаппай тексеріс барысында жол жүру ережесін бұзған жаяу жүргіншілерде жауапқа тартылды. Ереже бұзған 66 адам айыппұл арқалады.

Сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген 56 көлік, бір жүргізуші жалған нөмір пайдаланғаны, 208 көлік құралы техникалық регламент талаптарына сай келмеген, 180 көлік міндетті техникалық байқаудан өтпеген; 150 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған; 65 жүргізуші көлік жүргізу кезінде ұялы телефонға алаңдағаны анықталды.

Екі күнде арнайы айыппұл тұрақтарына 110 көлік қойылды. Оның ішінде 11 автокөлік шетелдік есепте тұрған, сондай-ақ түрлі бұзушылықтары үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлері алынған 41 көлік құралы бар.

Ішкі істер министрлігі бұған дейін Алматы, Шымкент қаласы мен Түркістан, Қарағанды облысының жолдарын тексерді.