Батыс Қазақстан облысында экономикалық белсенділік биыл да оң динамикасын сақтап келеді. Өңірде инвестициялар көлемі ұлғайып, шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдау күшейген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте жаңа жобалар іске қосылып жатыр. Бұл туралы БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, облыс экономикасының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсеткен.

  • Құрылыс саласында жұмыстар көлемі 9%-ға,

  • Тұрғын үйді пайдалануға беру 4,1%-ға,

  • Негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,2%-ға артқан.

Сонымен қатар, ішкі сауда көлемі – 0,7%, көлік қызметтері – 1,2%, байланыс саласы – 6,2%, өнеркәсіп – 3,6%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 6,4% өскені атап өтілді.

Бюджет көрсеткіштері де жақсарған: өңірдің бюджеттік түсімдері 33,5%-ға өсіп, 475 млрд теңгеден 634 млрд теңгеге жеткен.

Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бұл көрсеткіштер Батыс Қазақстан облысының тұрақты дамып келе жатқанын және алдағы кезеңде экономикалық өсімді сақтауға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.