БҚО-да алаяққа 1,3 млн теңгесін аудара жаздаған тұрғынға полиция қызметкерлері көмектесті
Оқиға Орал қаласында орналасқан сауда үйлерінің бірінде болған.

Батыс Қазақстан облысында 1,3 миллион теңгесін алаяққа аударуға оқталған зейнеткерге полиция қызметкерлері көмектесті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Тәртіп сақшылары Орал қаласында орналасқан сауда үйлерінің бірінде халыққа түсіндіру жұмысын ұйымдастырыпты. Іс-шара барысында терминал жанында тұрып, бір уақытта телефонмен сөйлесіп тұрған ер адамды байқайды. Азаматтыңдеректерді енгізу кезінде уайымдап, асығыс әрекет етуі күмән тудырыпты.
- Полиция қызметкерлері ер адамға телефонның ар жағында алаяқтар болуы мүмкін екенін түсіндіруге тырысқан. Алайда ер адам ақшаны аударуға табандап тұрып алған. Телефон тұтқасындағы өзін "Тамара" деп таныстырған әйел оған ешкімді тыңдамауға кеңес беріп, бірнеше минуттан кейін "қызы" мен "ұлы" да әңгімеге қосылған. Кейін белгілі болғандай, бірнеше күн бойы алаяқтар ер адамға телефон шалып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, оның жинақтары қауіпте екенін айтып сендірген. Ақшаны "құтқару" үшін оған депозиттен қаражатты шешіп, "қауіпсіз" есепшотқа аудару керек болған. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде әрекет етуінің арқасында 1,3 миллион теңгенің аударылуына жол берілмеді,-делінген Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тәртіп сақшылары құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан ақша аударуды талап етпейді деп ескертеді. Олар күмән тудыратын кез келген қоңырау кезінде бірден 102 нөміріне хабарласуыңызды сұрайды.