БҚО-да Ұлттық ауылшаруашылық санағын ұйымдастыру үшін 113 млн теңге бөлінді

Елімізде араға 18 жыл салып ауылшаруашылық санағы ұйымдастырылады.

БҚО-да Ұлттық ауылшаруашылық санағын ұйымдастыру үшін 113 млн теңге бөлінді
БҚО Ұлттық статистика департаментінің суреті

Қазақстанда 18 жылдан соң Ұлттық ауылшаруашылық санағы өтпек. Бұл үшін қазынадан 3,2 миллиард теңге жұмсалады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлімдеді. 

Санақ 1 тамыздан бастап, 20-шы қазан аралығында өтеді. Өткен ауыл шаруашылық санағы екі кезеңмен жүзеге асты. 2006-2007 жылдары елімізде өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын бөлек санады. Мамандар биыл санақтың бір кезеңмен өтетіндігін хабарлады.

Ұлттық ауылшаруашылық санағын ұйымдастыруға дайындық бір жарым жыл бұрын басталды. Елімізде санақты ұйымдастыру мен оны жүргізуді  премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарады. Өңірде бұл комиссияға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов төрағалық етеді. Облыстық комиссия өткен жылдың 5 ақпанында құрылды. 

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі  Ұлттық статистика бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Мешеловтың хабарлауы бойынша санақты өткізу үшін қазынадан 113 миллион теңге қарастырылған.

— 2025 жылғы 1 қаңтарға Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 13259 заңды тұлға, 42926 жеке кәсіпкер, 9675 шаруа қожалықтары тіркелген. Үй шаруашылықтары саны – 225513. Ұлттық ауылшаруашылығы санағына облыс бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығымен айналысатын 1056 заңды тұлға, 9267 шаруа қожалықтары мен 551 дара кәсіпкерлер, 92690 үй шаруашылықтары қатысады деп күтілуде, — деді Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі  Ұлттық статистика бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Мешелов.

Санақтың негізгі кезеңі басталғанға дейін 2025 жылғы 1-30 маусым аралығында Ақсай қаласында жеке қосалқы шаруашылықтарын алдын ала аралау жүргізілетін болады. «Листинг» деп аталатын бұл кезеңде санақ қызметкерлері сауалнамадан өтуге жататын үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды. Бұл жұмыс таңдалған мекенжай бойынша тұрғындардың шынымен тұратынын және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетінін растау үшін жүргізіледі. Мәліметтерді интервьюер жазады. Бір интервьюер Ақсайдағы 1380 үйді аралауы керек. Интервьюер бұл қызметі үшін 150 мың теңге еңбекақы алады.

— Ұлттық ауылшаруашылық санақты ұйымдастыру үшін өткен жылы  өңірде пилоттық режимде санақ жүргізілген. Санақ Бәйтерек ауданының Қаражар ауылында, Тасқала ауданының Мерей ауылдық округіне қарасты, Айнабұлақ елді мекені мен Орал қаласының Деркөл кентінде өтті. Пилоттық режимде жүргізілген сынаққа мемлекеттің қаржысы жұмсалмады. Санақ жұмыстарын өткізуді мемлекеттік қызметкерлер  қамтамасыз етті, — дейді Болат Мешелов. 

Облыста Ұлттық ауылшаруашылық санағы онлайн және офлайн форматта жүзеге аспақ. Бірінші тамыз бен отыз бірінші тамыз аралығында заңды тұлғалар, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары электронды цифрлы қолтаңбасының көмегімен sanaq.gov.kz сайтында сауалнамадан өте алады. Бүгінгі таңда сайт танысу үшін жұмыс істеп тұр. Бұл әдіс оңтайлы әрі деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

Ал қыркүйектің 20-сы мен қазанның 20-сы аралығында интервьюерлер үй-үйді аралап, сауалнама жүргізеді. Батыс Қазақстан облысында санақ кезінде 181 интервьюер маманмен қамтылу керек. Алайда, өңірдегі ауыл-аймақтың қашықтығын ескере отырып, мамандардың саны 217-ге артқан. Әр интервьюер 540 үй шаруашылығын аралауы керек. Интервьюерлердің жұмысын нұсқаушылар бақылайды. 

Өңірде 44 нұсқаушы жұмыс істемек. Олар интервьюерлерден келіп түскен ақпаратты жинайды. Қазіргі таңда облыстық статистика департаменті бір нұсқаушыны жұмысқа қабылдапты. Ұлттық санақ кезінде 25 жылдан астам еңбек өтілі бар нұсқаушы 188 мың теңге көлемінде жалақы алмақ. Ал, еңбек өтілі жоқ жандарға 150 мың теңге еңбекақы төленеді екен. Әрбір ауылды, елді мекенді аралайтын интервьюерлердің еңбекақысы 185 мың теңге болмақ. 

Әрбір маман 540 баспананы араласа, осындай жалақыға иек арта алады. Бір  үйде сұхбат жүргізу құны 343 теңгені құрайды. Интервьюерлермен қамтамасыз ету үшін «Қазпошта» қызметкерлері мен жоғарғы және орта білім беретін оқу ордаларында оқитын, кәмелет жасына толған студенттер мен сауалнамаға қатысып, ақпарат жинағысы келген азаматтар жұмысқа қабылданбақ. Сауалнама жүргізетін мамандарға оқыту жүргізіледі. Әуелі нұсқаушылар маусымның 15-не дейін оқиды. Кейін олар алған білімін интервьюерлермен бөліседі.

Үй-үйді аралайтын интервьюерлер санақ логотипі бар бейсболкамен, сөмкемен, кеудеше-жамылғымен және планшетпен, жеке басын растау үшін QR-коды, жеке номірі бар бейджик-куәлікпен қамтылмақ. Соған өтіп, сауалнама жүргізуге келген маман екеніне тұрғындар көз жеткізе алады. Егер сұрақ туындаса, 1446 call-орталығына қоңырау шалуға болады. Қазіргі таңда call-орталық 9.00-ден 18:30-ға дейін қызмет көрсетеді. Ал, санақтың негізгі кезеңінде тәулік бойы жұмыс істейді.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp