Батыс Қазақстан облысында "Бекіре" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз балық аулағандар ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Департамент таратқан ақпаратқа сай, жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш көлікті тоқтатыпты. Олардың ішінде заңсыз аулаған балық пен шаян табылған.
Бірінші LADA LARGUS маркілі көлікті Орал-Атырау тас жолының Чапаев елді мекенінің маңында тоқтатыпты. Көлікті 1973 жылы дүниеге келген жүргізуші басқарған. Оның темір тұлпарынан тиісті құжатсыз тасымалданған 273 келіден астам табан, сазан мен шортан балығы табылыпты.
Тағы бір заң бұзушылық Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылының маңында тіркелген.
- ВАЗ-2110 автокөлігін басқарған жүргізуші тоқтатылып, тиісті құжаттарсыз шамамен он кг бекіре тұқымдас балық және 125 дана балық (табан, сазан) тасымалдағаны анықталды. Атырау — Орал автожолының бір қиылысында “УАЗ” автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Көліктің салоны мен жүксалғышын тексеру барысында жалпы салмағы 28,5 кг балық және 28 кг-нан астам өзен шаяндары табылып, тәркіленді, -деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда заңсыз балық тасымалдаған жүргізушілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.