20 ақпанда Батыс Қазақстан облысында жол жабылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Олар таратқан ақпаратқа сүйенсек, «Ақтөбе-Орал-РФ» шекарасына дейінгі тас жолдың 393-526 шақырымы жабылған. Сырым ауданы орталығынан бастап, Ақтөбе облысының шекарасына дейін көліктердің қатынасы 21 ақпан сағат таңғы онға дейін тоқтады. Жолдың жабылуына ауа райының нашарлауы себеп.

Бұдан бөлек, «Қазавтожол» ұлттық компаниясының таратқан ақпарына сүйенсек, Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар «РФ шекарасы (п/п Жайсан) – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Алматы – ҚХР шекарасы» (Нұр Жолы ө/п) автожолының 776-965 шақырым аралығындағы учаскесінде (Ақтөбе қаласы – Қарабұтақ ауылы) барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілген. Тас жолды 21 ақпанда сағат жетілерде ашу жоспарланыпты.

Жүргізушілер тас жолдардың жай-күйін 1403 байланыс нөміріне хабарласып, біле алады.