Батыс Қазақстан облысында үшем дүниеге келді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Басқарма таратқан ақпаратқа сүйенсек, шақалақтар жүктіліктің 32 аптасында араға бірнеше секунд салып дүниеге келген. Сәбилердің салмағы 1200 грамм, 1510 грамм және 1750 грамм болған. Бүгінде Амановтар жанұясы үш ұлдың ата-анасы атанды. Олар ұлдарына Рахман, Рахим және Темірлан деп ат қойыпты. Оныншы наурызда олар үйлеріне шыққан.

– Нәрестелер өмірінің алғашқы күндерінен бастап неонатология бөлімшесінің дәрігерлері мен медициналық персоналдың тәулік бойғы бақылауында болды. Замануи медициналық жабдықтар, мамандардың жоғары біліктілігі және сапалы медициналық күтімнің арқасында сәбилердің жағдайы тұрақталып, оларды аман-есен үйіне шығаруға мүмкіндік туды, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.