14 наурыз — Көрісу күні. Бұл мереке елдің батысы мен Қазақстанмен шектесетін Ресейдің кейбір аймағы мен Қарақалпақстанда сақталған.
Көрісу күні — қазақтың көне салт-дәстүрі. «Адамның адаммен, жылдың жылмен, қауышқан шағы. Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиген шағы», деп қазақ халқы көрісуді ерекше көрген. Бұл күні барлық адам өкпе-ренішін ұмытып, бір-біріне кемшіліктерін кешіріп,жылы лебіз білдіріп, жасы кішілер үлкен кісілерге көрісуі парыз саналады. Қазыналы қариялар бар үйлер таңертеңнен әзірленіп, көрісіп келген жандарды құшақ жая қарсылайды. Дәмді дастархан әзірлеп, келген мейманды күтеді. Бұл күні қонақ шақырмайды. Түске дейін жасы кіші жандар үлкендерге көрісуді мақсат тұтады. Кешіккендер кешке дейін көрісіп шығуға асығады. Халық арасында міндетті түрде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Он төртінші наурызда көріспеген жандарға өкпелеп, назын жеткізген екен.
Көрісу күні «Бір жасыңмен», «Жасың қайырлы болсын!», «Жасың құтты болсын» – деген ақмарма тілегін білдіреді.
Ал, Маңғыстау өңірінде Көрісу күнін Амал мерекесі деп айтады. Маңғыстаулықтар сан ғасырлық дәстүрді жалғастырып 13 наурызда Отпан тауда «Бірлік» отын жағады. Осылайша тұрғындары Наурыз мерекесін тойлауды бастайды.
Шығыс күнтізбесіне сәйкес Наурыздың 14-нде жаңа ай Хамал (амал) басталады екен. Кезінде қазақ наурызды Амал деп атаған көрінеді.
«Көрісу күні» неліктен елдің батыс аймағында сақталды деген сауал көпті толғандырып жүргені рас. Осы сұрақты өңірімізге белгілі тарихшы, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевке жолдадық. Ғалым Қазақстанның батыс бөлігінде сақталған дәстүрді зерттеген этнографтар Көрісу күнінің төркінін көне түркі-монғол дәстүрімен байланыстырып жүргенін айтады. Ендеше тарихшының пайымын білейік.
— Мұқият көз тоқтатқан адам «көрісудің» географиялық аумағы байтақ Қазақстанның негізінен Кіші жүз территориясымен шектелетінін аңғарары хақ. Неге бұлай? Демек «көрісудің» құпия кілтін ашқымыз келсе, өлке этнографиясының ерекше қыры мен сырына тереңірек үңіліп, өңір тарихының тұңғиығына бойлай түскеніміз жөн. Мәселен, Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттеген Андрей Астафьев «Амал (Көрісу) мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатқанына» зер салса, тарихшы Асылбек Байтанұлы «Шаған» (Цаган сар) - моңғол халқының дәстүрлі жаңа жыл мерекесі күнінде тойланатын «Золгох» (Жолығу-Ж.Ж.) дәстүрі мен біздегі «Көрісу» күнінің тұспа-тұс келуінде ерекше мән бар екеніне» көңіл бөледі. Келтірілген ой-тұжырымдардан нені байқап, қандай жайтты аңғаруға болады? Осы ретте әлі күнге дейін жұртшылық көп назар аудара қоймаған өңір тарихындағы бір жасырын сырды суыртпақтауға болатын сияқты, – дейді Жаңабек Жақсығалиев.
Ол қандай сыр?
— Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша «Еділ мен Жайық - орыстардың Алтын Орда деп атайтын жері». Әлбетте, Еділ-Жайық аралығы - Алтын Орданың эпицентрі, астаналары Сарай-Бату мен Сарай-Берке - Еділдің, Сарайшық - Жайықтың бойында жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Зерттеуші Вадим Егоров «Алтын Орда аумағында 110-140 қала болғандығын» сипаттаса, тарихшы Эмма Зиливинская олардың саны «210 шаһарға жеткеніне» сенімді. Солардың бірі - өзіміздің Жайық қалашығы (13-15 ғғ). Алтын Орда заманынан күні бүгінге дейін еш өзгеріссіз жеткен қаламыздағы бірнеше топонимикалық атаулар бар. Мысалы, «Курень», «Перевалочная роща», «Басқақ көпірі», «Хан тоғайы», «Қырықкөл» немесе өңіріміздегі жер-су атауларының моңғол қабатынан көптеген мысалдары бар. Шаған, Шыңғырлау, Нарын, Сайхын, Далбын, Шоңай, Жәнібек, Шағатай,Түмен, Мұқыр, Қалдығайты, Жымпиты, Бұлдырты деп жалғай беруге болады. Бір қызығы моңғолдың жаңа жыл мерекесі Шаған (моңғолшадан аударғанда «ақ өзен», «пәк су» деген мағынаны білдіреді екен) атымен аталатын Орал қаласының түбінде өзеннің бар екені де кездейсоқ емес сияқты. Моңғол империясының құрамына енген ел ретінде мұндай атаулар Қазақстанның өзге де өңірлерінде кездесететіндігін айрықша атап өтуге болады. Қысқасы, Еділ - Жайық аралығындағы Алтын Орда мен Ноғайлы тарихын мұқият саралау өлке тарихының ақтаңдақтарын ашуға септігін тигізері анық, —деп ойын жалғады тарихшы.
Қорыта айтқанда, қандай байламға келуге болады?
— Таңданарлығы сол, бізге жеткен тарихи деректер 15-ғасырға дейінгі Ресейде де 14-наурыз Жыл басы боп есептеліп, дүркірей тойланғанынан хабар береді. Атағы айға жетіп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» боп тұрған Алтын Орданың айбынды хандарына салық төлеп, пұшайман күйге түскен қоңсыларымыздың жай-күйі көз алдыңа келеді. Кешегі күні төрткүл дүниені тітіренткен Алтын Орданың шексіз құдіретіне тағы бір таңқалып, шіркін, біздің бабалар-ай, дейсің де қоясың?! Ойымызды тобықтай түйсек, «көрісу күніне» орай зерттеу жүргізген этнограф-ғалымдардың пайымдары мен «көрісу күнінің» географиялық ерекшелігіне байланысты туындаған ойларымыз бен болжамдарымыздың қысқаша түйіні - осы! – деп ойын түйіндеді Жаңабек Жақсығалиев.
2024 жылы президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде «Наурызнама» онкүнтідігі бекітілді. Биыл да Наурыз мерекесі 14 наурыз Көрісу күнінен басталады.
14 наурыз-Көрісу күні: мейрамның мән-мағынасы туралы БҚО-ның танымал тұлғалары айтып берді