«Мой город» ақпарат агенттігінің редакциясына «Сырым» өткізу пунктінен өте алмай тұрған жүргізушілер хабарласты. Жүк көліктері шекара шебінен өте алмай тұр.

– Таңғы сағат сегізде «Сырым» өткізу пунктінен шекарадан өту үшін келдім. Содан бері кезекте тұрмын. Мен келгенде кезек 18 шақырым болды. Қазір 13-14 шақырымдай қалды. Далада тұрмыз. Электронды кезек алып қойдым. Соған үлгерсем жақсы болар еді. Әйтпесе, қайтадан электронды кезекті сатып алуға тура келеді. Күйіп кеткен кезектің ақшасын ешкім қайтармайды. Қайтадан шығындалуға тура келеді. Кезек жылжымайды. Әркім әртүрлі айтып жатыр. Ресейге бет алдым. Азын-аулақ тамағымды алып, жолға шыққан едім, – деп шағымданды жүк көлігінің жүргізушісі.

Шекара шебінде қалыптасқан ұзын-сонар кезектің мән-жайын білмек мақсатта Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне сұрау салдық. Шекарашылар «Сырым» өткізу пунктінде ұзын-сонар кезектің қалыптасуына қолайсыз ауа-райына байланысты көлік қозғалысын уақытша шектеудің енгізілуі себеп екенін айтады.

– Республикалық маңызы бар автожолдардың жекелеген учаскелерінде көктайғаққа байланысты мезгіл-мезгіл «күту» режимі мен қозғалысқа уақытша тыйымдар енгізілді. Шектеулер алынғаннан кейін осы кезеңде жиналып қалған көлік құралдары өткізу пунктіне бір мезетте жетіп, нәтижесінде өткізу қабілетінен 2–3 есе жоғары жүктеме қалыптасты. Қазіргі уақытта өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Уәкілетті органдар жағдайды тұрақтандыру және көлік ағынын реттеу бойынша қажетті шараларды қабылдауда,– деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының шекара қызметі департаментінің баспасөз қызметі.

Шекарадағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін білмек үшін облыстық мемлекеттік кірістер департаментінен сұрадық. Олар мамандардың штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, мәселе Ресей Федерациясында екенін жеткізді.