Өткен жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру саласында заңнама өзгерді. Жаңашылдықтарға сәйкес екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандардың жарнасын жергілікті әкімдіктер төлейді. Өткен жылы өңірде 106 мыңнан астам адам сақтандырылмағандардың санатында болса, биыл бұл сан 76 мыңнан асып жығылады.
- 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру заңына өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістердің мақсаты- халықтың сапалы және уақытылы көмек алуына бағытталған. Бүгінгі күнге облыста Д және Е санатындағы қатысты азаматтарымыз сақтандыру мәртебесін алып отыр, -дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Куаныш Сансызбаев.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Батыс Қазақстан облысы филиалының таратқан ақпарына сүйенсек, өткен жылы қордың облыстағы филиалына 29,7 миллиард теңгедей қаржы түскен. Қыруар қаржы қордың филиалымен келісімшарты бар медициналық мекемелерге аударылады. Шарт негізінде емдеу мекемелері 15 күннің ішінде науқастарға қажетті сараптама тағайындауы керек.
Қазіргі таңда науқастарға дәрігер қажет деп тапқан жағдайда компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томографияны тағайындайды. Бұл диагностикалық құралдардың құны қымбат тұрады.
№1 емхананың директоры осы сараптамаларды науқастар бір аптаның ішінде өтіп шығатынын айтады. Бүгінгі таңда осы емхана МРТ пен КТ жасайтын барлық медициналық мекемемен шартқа отырыпты. Осының арқасында диагностикалау саласында кезек саябырсыған. Күні бүгінге дейін 757 науқасқа МРТ, 665 компьютерлік диагностикадан өткен. Қазіргі таңда 1600 астам науқасқа осы диагностикадан өтуге жолдама берген.
- Қазіргі таңда біздерде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорымен жыл сайын келісімшарт жасалады. Бекітілген халықтың тізіміне кепілдендірілген медициналық көмек көлемі, сонымен қоса сақтандырылғандарға көрсетілетін медициналық көмектің тізімі жыл сайын жаңартылып, соған сәйкес келісімшарт жасалады. Сол шарт негізінде толық медициналық көмек көрсетіліп келеді. 2026 жылы келісімшарттың құны екі миллиард теңгеден астам қаражатты құрайды. Жыл сайын шарт құны шамамен 100 миллион теңгеге артып отырады, -деді №1 емхананың директоры Шыңғыс Сәрсенғалиев.
Қазіргі таңда №1 емхана 63 мыңнан астам адам тіркелген. Емханада 80-ге жуық дәрігер мен 300-ден астам медициналық қызметкер науқастарды емдеумен шұғылданады. Десек те, медициналық мекемеде 20-ға жуық дәрігер тапшы. Емхана басшысы мәселені шешумен жұмыстанып жатырғанын жеткізді.
- Жылына екі рет елімізде орналасқан жоғары медициналық оқу орындарына барып, мамандарды тарту, осы жерге жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстанамыз. Нәтижесінде жыл сайын он шақты маман еңбекке араласады,-деді Шыңғыс Сәрсенғалиев.
№1 емханаға тіркелген науқастардың бірін сөзге тарттық. Ол отбасымен осы медициналық мекемеге қаралады екен. Бүгін баласының анықтамасы үшін емдеу мекемесіне келген. Анар есімді келіншек емхананың қызметіне көңілі толады. Ол мамандардың жұмысын жоғары бағалап отыр.
- Мен осы емханаға тіркелгенмін. Көп жылдан бері қараламын. Медициналық тексерістен өтіп тұрамын. Шағымым жоқ, -деді қала тұрғыны Анар Аменова.
Жыл басынан бері "Әлеуметтік медициналық сақтандыру" қорының өңірлік филиалына 50-ге жуық адам шағымданыпты. Тұрғындарды сақтандыру мәселесі, медициналық қызметті алу және сақтандыруға төлейтін қаржы мәселесі толғандырады екен.
Әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты сауал мен шағымыңызды 1414Call-орталығы арқылы немесе Орал қаласы, Есқалиев көшесі 177 мекенжайына жолдай аласыз.