Алматы қаласының еңбек инспекциясы Burger King-тің жұмысын тексерді. Нәтижесінде компания жұмысшылардың заңсыз жалақысын кесіп, мейрам күндеріне төленетін ақыны дұрыс төлемей келгені, қызметкерлердің нақты еңбек еткен уақытын есепке алмағанын, еңбекақыны кешіктіріп төлегенін анықтады. Және жұмысшылардың аусымдық кестесі де заң нормаларына сай жасалмағаны белгілі болды. Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

— Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті «QSR» ЖШС-не (Burger King) қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Тексеру қызметкер Қаратай Әлібектің өтініші негізінде жүргізілді.Тексеру барысында өтініш берушінің уәждері толықтай расталды. Сондай-ақ инспекторлар компанияның жұмыскерлерді қажетті арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпегенін, ал персоналдың еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамалардан өтпей-ақ өз міндеттерін орындауға жіберілгенін анықтады, — деп хабарлады министрлік.

Еңбек инспекциясы заңды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша іс қозғапты.

Министрлік жұмыс берушілер олқылықтарды түземейінше іс инспектордың бақылауында болады деп сендірді.

Естеріңізге сала кетейік, Burger King-те жұмыс істейтін қызметкердің анасы аутист ұлын жұмыстан шығару үшін қысым көрсетіп жатырғанын айтып, шағымданды. Ананың жан айқайы қазақстандықтарды бей-жай қалдырған жоқ. Компанияның жұмысын сынға алғандардың қарасы қалың болды. Өз кезегінде танымал мейрамхана екі басшысын қызметтен босатты.