«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен жиында кәсіпкерлер дәріханаларды қосымша құн салығынан босатуды немесе заңнамадағы қайшылықтарды жоюды сұрады. Жиынға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің мамандары мен кәсіпкерлер қатысқан. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады. Бизнес субьектілері жаңадан іске қосылған қосымша құн салығы дәріхана ісін тығырыққа тіреп, дәрінің бағасы қымбаттауына әкеліп соғады, деп дабыл қағады. Сол себепті денсаулық сақтау саласын толыққанды дәрі-дәрмекпен қамту қиынға соқпақ.
– Бизнес пен салалық қауымдастықтар ҚҚС-ты әкімшілендірудегі құқықтық қайшылықтар дистрибьюторлар мен өндірушілердің әлеуметтік маңызы бар препараттарды сатудан бас тартуына әкеліп жатқанын айтады. Нәтижесінде нарықта дәрілер бар болғанымен, олардың қозғалысы тоқтап қалу қаупі күшейді. Дәріханалар шығындарының өсуі бағаның кемінде 5–7%-ға қымбаттауына алып келуі мүмкін. Әкімшілік шығындар, міндетті таңбалау, еңбекақы және ҚҚС жүктемесі үстемені 30%-ға дейін арттыру қаупін туғызуда, – деп хабарлайды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы.
Осы жайттарды жіпке тізген кәсіпкерлер фармацевтикалық секторды қосымша құн салығынан босатуды сұрайды.