Елімізде негізгі ҰБТ-ға өтініш берудің мерзімі аяқталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Негізгі білім сынағы оныншы мамырда басталып, оныншы шілдеге дейін өтеді. Талапкерлер негізгі ҰБТ сынағында екі рет тест тапсырып, үздік нәтижесімен грантқа таласа алады.
- 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген. 2025 жылы 216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мың өтініш қабылданды. Оның ішінде тапсырушылардың 73%-ы қазақ тілінде, 27%-ға жуығы орыс тілінде, 521 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.Тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 17,9%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын, 14,5%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын, 12,4%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған, -деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігі.
Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәні бойынша тест тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.
Тестілеу уақыты төрт сағатты (240 минут) құрайды. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.