6 часов назад

Қазақстанда жыл соңына дейін 182 медициналық нысанның құрылысы аяқталмақ

Күні бүгінге дейін 473 медициналық мекеме салынып, пайдалануға берілген.

Қазақстанда жыл соңына дейін 182 медициналық нысанның құрылысы аяқталмақ
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Ұлт саулығы — ел болашағы. Осы міндеттің мүлтіксіз орындалуы үшін қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған медициналық мекеме мен білікті дәрігерлер керек. Заман талабына сай мекемелердің шалғай ауылдарда орналасуы да өте маңызды. Түрлі техниканың құлағында ойнайтын маман да қажет. Ауыл тұрғындарының саулығын қаратып, тексертуі үшін әлі күнге дейін кемі аудан орталығы, тіпті облыс, қала берді республикалық маңызы бар қалаларға сабылады. Талай табалдырықты тоздырып, бітпейтін кезекті бастан кешкен ағайын, біраз уақыт пен сабырды тауысып, ем-дом қабылдап жататынына етіміз үйренді. Диагнозы дұрыс қойылған жан емделіп, қалғаны тәуіп аралап, дәстүрлі емес медицинаның көмегіне жүгінетіндер де аз емес.

Медициналық мекемелердің жай-күйін жақсартып, бұрын мүлдем болмаған мекендерде салуды көздейтін Ұлттық жоба бекітілді. Осы құжаттың аясында ел аумағында 655 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салу жоспарланған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрлік таратқан ақпарға сүйенсек, күні бүгінге дейін 473 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін қалған 182 медициналық мекемені аяқтауды жоспарланған екен.  

— Жаңа нысандар тозығы жеткен және апатты жағдайдағы 427 ғимараттың орнына, медициналық инфрақұрылымы жоқ немесе жалдамалы ғимараттарда орналасқан ауылдардағы 208 нысанның орнына, бұрын мүлде медициналық мекеме болмаған және мамандар жұмыс істемеген 20 елді мекенде салынып жатыр.Сонымен қатар, 32 аудандық аурухана ауданаралық аурухана деңгейіне дейін жаңғыртылуда.Жобаның шеңберінде ауылдық медициналық мекемелер заманауи диагностикалық және зертханалық жабдықтармен, телемедицина аппараттарымен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл тұрғындарына өз елді мекендерінен шықпай-ақ, білікті дәрігерлік көмек алуға мүмкіндік береді, - делінген Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Бүгінгі таңда ел аумағында ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсететін бес мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның 3,5 мыңнан астам фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт, 1300 дәрігерлік амбулатория, 148 емхана, 175 аурухананы құрайды.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp