Қазіргі таңда өңірде су айдындарында мұз қата бастады. Осы аралықта қыста балық аулайтын жандар жаппай қармағын алып, өзен-көлдің бойын жағалайды. Төтеншеліктер азаматтарға сақтық шараларын сақтауға шақырады.

Құтқарушылар ересек адамның су айдындарында емін-еркін жүріп-тұруы үшін мұздың қалыңдығы кем дегенде он сантиметрден аспауы керек дегенді айтады.

– Бірінші желтоқсаннан бастап қыс мезгілі толық басталды. Облыс аумағында ауа температурасының төмендеуіне байланысты су айдындарында мұздың қату процесі басталуда. Алайда алғашқы мұз өте жұқа әрі орнықсыз болатынын ескерсек, осы кезең тұрғындар үшін ерекше қауіпті саналады. Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң түрде сақтауды сұраймыз! Мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін он  сантиметрден кем болмауы қажет, бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін 25 сантиметрден кем болмауы қажет.Ешбір жағдайда мұздың беріктігін аяқтың соққысымен тексеруге болмайды,– деп ескертті Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Бақытжан Ихсанов.

Төтеншеліктер 2024-2025 жылдың күз бен қыс айларында төрт адамның су айдынында ажал құшқанын хабарлады. Қайғылы оқиғаның бірі өткен жылдың 14 қарашасында Теректі ауданында тіркелген. Марқұм жұқа мұздың үстінде балық аулапты. Екінші жағдай 2024 жылдың 30 қарашасында Ақжайық ауданына қарасты Грачи өзенінде болды. Адам ащы суды ұрттап, мұздың үстіне шығып, жазатайым оқиғаның кесірінен өмірімен қош айтысыпты. Екі адам биыл ақпанда  Шаған өзенінде дүние салды. Олар мұздың үстімен көлікпен жүріп өтпек болған.

Осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті рейд ұйымдастыруда.

2025 жылдың 24 қарашасынан бастап облыс аумағында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіліп келеді. Аталған жұмыстарға Есет батыр Көкіұлы атындағы 20982 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының 20 қызметкері күн сайын жұмылдырылып, су айдындарында тұрғындар арасында түсіндіру және алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүргізуде. Сонымен қатар, департамент қызметкерлерімен әр апта сайын ауқымды рейдтер ұйымдастырылып, мұз үстіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша халыққа кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады,-дейді Бақытжан Ихсанов.