Еңбек министрлігі электронды еңбек биржасында жұмыс берушілердің қандай мамандық иелеріне жоғары жалақы төлеуге әзір екенін жариялады.

Жарияланған хабарландыруға сүйенсек, елімізде жаңа өнімдерді әзірлеу жөніндегі жоба жетекшілеріне 1,3 миллион теңге жалақы төлеуге әзір. Сондай-ақ жеке секторда коммерциялық директорға 1,2 миллион теңге еңбекақы тағайындалмақ. Жоғары жалақы саласындағы үздік үштікті сынақтар жөніндегі инженер мамандығы түйіндеді. Оған 865 мың теңге көлемінде еңбекақы төленбек.

Қазақстанда 102 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Бос жұмыс орындары Enbek.kz электронды еңбек биржасында орналастырылған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, елімізде 162 мыңнан астам адам электронды еңбек биржасында түйіндеме орналастырған.

Бос жұмыс орындарының 48,9 пайызы жұмысшы мамандықтарды іздейді. Жұмыс берушілер мейіргерлер мен санитар және автомобиль жүргізушілерін де іздейді. Елімізде математика пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге де сұраныс көп.

– Салалық бөліністе сұраныс барлық бос орындардың 66,4% құрайтын бес негізгі салада шоғырланған. Дәстүрлі түрде білім беру саласы көш бастап тұр – 33 мыңнан астам хабарландыру (жалпы санның үштен біріне жуығы). Одан кейін өзге де қызмет түрлері – 11,4 мың (11,1%) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету – 9,7 мың (9,5%) орналасқан. Сондай-ақ кадрларға жоғары қажеттілік мемлекеттік басқаруда ( жеті мың) және өңдеу өнеркәсібінде (6,9 мың) тіркелді, – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Елімізде ең көп бос жұмыс орындары Астана, Түркістан, Қарағанды облысы мен Алматы қаласында тіркелген.Жұмыс іздеушілердің көбі Түркістан, Атырау, Маңғыстау мен Қызылорда облысының тұрғындары екен.