Еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Иидзима Ясусамамен үкіметаралық келісімді іс жүзінде іске асыруға арналған құжатқа қол қойды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Маңызды құжатта Жапонияның Абай облысында орналасқан медициналық инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаржы бөлетіні туралы айтылған.

Жапондықтар «Семей медицина университеті» госпиталіне арналған медициналық жабдықтарды сатып алуға 1 милиард, 87 миллион иен, долларға шаққанда жеті миллион доллардан сатып жығылатын грант бермек.

Гранттың қаржысына медициналық мекемені қажетті магниттік-резонанстық томографты (МРТ), компьютерлік томографты (КТ), эндоскопиялық, реанимациялық және өзге де жоғары технологиялық жабдықты қоса алғанда, заманауи диагностикалық және емдеу жүйелерімен жарақтандырылмақ.

Бұл өңірлік деңгейде, оның ішінде ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен пациенттерге арнайы әлеуметтік және гуманитарлық маңызы бар мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Грантты іске асыру денсаулық сақтау саласындағы тұрақты қазақстан-жапон ынтымақтастығының бір бөлігі болды,- деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жапония денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, базалық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өңірлік теңсіздіктерді қысқартуға бағытталған «Шөп тамыры» адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өтеусіз көмек бағдарламасы шеңберінде Қазақстанға қосымша қолдау көрсетеді.

Медициналық білім беру және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Өзара іс-қимыл JICA және Young Leaders' бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Семей медицина университеті Жапонияның жетекші университеттерімен, соның ішінде Nagasaki University, Hiroshima University, Oita University, Shimane University және Kochi University-імен әріптестік жасады. Ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты, клиникалық тағылымдаманы, бірлескен ғылыми зерттеулерді және оқытушылармен алмасуды қамтиды,- деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін Жапония үкіметі бөлген гранттарға Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасына медицина қызметкерлерін шақырту жүйесі сатып алынды. Академик Н. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында компьютерлік томография кабинеті ашылды.