Тарихшылардың сөзіне сенсек, қазақ тарихында 400-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс болған. Соңғысы ХХ ғасырға тиесілі. 1986 жылы биліктен Қонаевты ел билеуден аластатты. Қазақ жастары мемлекетті қазақ билеуі керек деп, бейбіт шеруге шықты. Олар 16-17 желтоқсанда Алматыда орналасқан Брежнев алаңынан табылды. Бұл- Кеңес билігіне ұнамады. Шеруге шыққан жандарға қарсы күш қолданып, оларды сабап, аязды күні салқын су шашып, өлімші қылып ұрып, қыздарды бірнеше сағат бойы қарға отырғызып, ерлерді таяқ астына алғанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ!

 Желтоқсан оқиғасы-қанмен жазылған тарих! Қазақ жастары елді қазақ билесін деген ойын бейбіт жеткізуді көксеген еді. Алайда, билік диалогқа дайын болмай, күш көрсетіп, кейін желтоқсаншыларды соттап, қалғанын түрлі жазаға тартты. Әрбір қатысушы мықтап азап шекті. Тіпті, қорлыққа шыдай алмай жер жастанғандар көп. Марқұмдардың туыстары да түрлі теперішті көрді. Оларды аңдып, тұрмыс-тіршілігін майшаммен қарап, бақылауда ұстады. 10-15 күн қамақта отырғандардың саулығы сыр берді. Күні бүгінге дейін осы оқиғаның зардабын тартып отырғандар көп. Қазіргі буын тек кітаптан оқып, әлеуметтік желідегі видеодан көрген азапты оқиғаның куәгерлерімен тілдестік.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан жандардың бірі - Күнзила Мақсотова. Ол бұрынғы Ақжайық ауданы Абай ауылының тумасы. Кейіпкеріміз 1985 жылы арман қуып, сол кезде елдің астанасы болған Алматы қаласына оқуға түседі. Ол автоматты электр техникумында білім алады. Екінші курста оқып жүрген студент өзге құрбыларымен бірге Брежнев алаңына шығыпты. Кейіпкеріміз «Қонаев атамызды алып тастағаннан кейін, елді неге қазақ басқармайды?»деген ой жастарды мазалағанын айтады. Ол жатақханада тұратын құрбылары мен өзге де студенттермен таңмен алаңға баруға келіскен. Жастар сабақтың орнына алаңға бетбұрыпты. Таңертең студенттерді мұғалімдерді жібермей тұрыпты. Сөйтіп, жастар бейбіт шеруге аттанған. Брежнев алаңында ине шаншар орын болмапты. Жастар алаңда қазақ әндерін шырқап, талап-тілегін айтыпты.

-          Қонаев атамызды алып, орнына Колбиннің келгенін естігеннен кейін біздер жатақханада біраз өзіміз қыздар-жігіттер болып: «Неге қазақ болмайды?Неге орыс? Неге басқа елден? Неге басқа жерден? Өзіміздің елден (басшы-ред.автор) жоқ»,- деп талқыладық. Өзіміздің арамызда да, радиолардан да айтып жатты. Сосын өзіміз «Алаңға шығайық, көрейік, неге қазақ болмайды деген ұсынымызды айтайық» деп шештік. Сол күні түнде шығуға әзірлендік. Біздің шығатынымызды естіді ме әлде білді ме біздің техникум мен жатақхананың ортасында мұғалімдеріміз тізіліп тұрды. Олар бізді жібермеуге тырысты. Ол кезде біздер біршама адам болдық. Байланыстан 80 жуық адам болған болармыз. Басында тұрғандар мұғалімдерді итеріп шығып кетті. Бізде аяғынан шықтық. Алаңға бардық. Брежнев алаңы қасымызда, жақын. Алаңда толған жастар, қарулы күштер. Бәріміз соған кіріп кеттік. «Неге қазақ елінде қазақ тұрмайды? Неге басқа жерден басқа ұлт келеді?» деген ұрандарымыз болды. «Қазақстаным», «Саржайлау», «Атамекен» әнін айттық. Ол күні ызғарлы, суық болды. Салқынға қарамастан ұзақ тұрдық. Мінбеге шығып, ақыл айтқандар да болды. Екі жақ келіспегендіктен бе? Бізді қарулы жендеттер қоршап алды. Қоршағаннан кейін шыңғыру, қашу басталды. Жан-жаққа кеттік, бір-бірімізді таба алмай қалдық. Мені бір соғайын деп жатырғанда бір жігіттің алдымнан тұрып қалғанын білемін. Ана жігіттің дымын қалдырмай, сабап тастады. Ол жігітке не болғанын білмеймін.Өзімді сабады да, дубинкамен бір қойып, қолымды қайырып, көлікке отырғызды, –деп Желтоқсан оқиғасын есіне алды Күнзила Мақсотова.

Күнзила Мақсотова сияқты Брежнев алаңына Хансұлу Тлеушова да шыққан. Ол да өзгелер секілді ару Алматыға оқуға түсу үшін барыпты. Алайда, ол оқуға түсе алмай, алып шаһарда құрылыс саласында тер төккен. Базаршолан ауылының тумасы 1986 жылғы оқиғаны ерекше еске алады. 21 жастағы бұрымды өзге құрбыларымен бірге жұмыстан соң, Брежнев алаңына барған. Кешқұрым алаңда адам көп болғанын айтады. 16 желтоқсанда түнде ауа температурасы суық болған. Хансұлу Халиоллақызы жатақханаға алаңнан кеш қайтқан. Ол жолда дүкеннің терезелері қирап, көліктердің төңкеріліп жатқанын көрген. Тіпті, әнші Роза Бағланованың жастарға басу айтқанында көргенін айтады. Хансұлу ханым 17 желтоқсанда ертемен тағы да алаңға барады. Сол жерде қарулы жендеттер оларды автобусқа қамап, Әуезов РОВД-сына апарған. Бірнеше сағат жауап алып, үйіне қайтыпты. Содан кейін, кейіпкерімізді  Желтоқсан оқиғасына қатысты деп Комсомолдан шығарып, біраз аңдып, бақылауда ұстаған. Хансұлу Халиоллақызы түрлі қысымның болғанын айтады. Алайда желтоқсан куәгері жіпке тізіп айтуды жөн көрмеді.

Күнзила Мақсотова мен Хансұлу Тлеушованың өмірі Желтоқсан оқиғасынан кейін қалай өзгерді? Жазықсыз жаза арқалаған жандар қалай ақталды? Бүгінгі таңда «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмысы қандай? Желтоқсаншылардың мұң-мұқтажы қандай? Желтоқсаншылардың сұқбатын «Мой город» порталының You Tube арнасынан көріңіздер!