Жол жүрген жолаушылар теміржол вокзалы мен пойыз вагондарында заттарын ұмытып кетеді. Бұндай жайттар азаматтарға түрлі қолайсыздық тудыратыны жасырын емес. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі ұмыт қалдырған заттарды қайтарудың механизмін жіпке тізді. Ендеше маңызды нұсқаулықпен таныс болыңыз.
1) Егер пойыз әлі станцияда тұрса және жөнелтуіне дейін 10–40 минут уақыт қалса, жолаушы ұмыт қалған затын пойыз бригадасының қызметкерлерінен ала алады.
2) Егер пойыз жүріп кеткен болса, жолаушы ресми @jolaushylar_tasymaly Instagram-аккаунтына немесе WhatsApp нөміріне +7 776 714 5686 арқылы жүгініп, жедел жауап ала алады.
3) Жолаушы вокзал кезекшісіне барып, вагон нөмірін, орнын және ұмыт қалған заттардың сипаттамасын көрсетіп, вокзал бастығының атына өтініш қалдыра алады. Қажет болған жағдайда, заттарды өзіне жіберу туралы өтініш жаза алады.
4) Егер жолсерік ұмыт қалған заттарды тапса, олар пойыз бастығына беріліп, қалыптастыру пунктіне жөнелтіледі. Заттар вокзалда сақталып, иесіне жеке куәлігін тексергеннен кейін беріледі.
Пойыздарға орнатылған бейнекамералар ұмытылған заттардың санын 92%-ға дейін төмендеткен. «Жолаушылар тасымалы» компаниясы жолаушыларға жеке заттарына мұқият бақылауға және қажет болған жағдайда белгіленген нұсқаулыққа сәйкес көмек сұрауға кеңес береді.