Бірнеше мәрте аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Прокурорлар таратқан ақпаратқа сүйенсек, қолға түскен адам 2024-2025 жылдары Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкерімін деп таныстырыпты.
– Күдікті қаражатты инвестициялау арқылы жоғары табысқа уәде беріп, азаматтарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алу және кейіннен сату бойынша бірлескен кәсіппен айналысуға шақырған. Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшасын жымқырып, қажеттілігіне жұмсаған,–деп хабарлады бас прокуратура.
Қолға түскен күдікті алты адамға жалпы 100 миллион теңгеден астам залал келтірген. Азаматтардың ақшасын қалтасына басқан алаяқ бірден бой тасалапты.Құқық қорғау органдары оны халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2025 жылдың тамыз айында Ресейде ұсталған.
Қазіргі таңда Қазақстанға экстрадицияланған күдікті тергеу изоляторына қамалған. Ол осы қылмысы үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.