Ақтөбеде жүкті келіншектерге арналған «Салауатты ана» пансионаты ашылды
Пансионат он орынға арналған.

Ақтөбеде жүкті келіншектерге арналған «Салауатты ана» атты пансионат ашылды. Бұл туралы облыс әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды. Медициналық мекеме шалғайда өмір сүретін, жүктілік кезінде асқыну қаупі жоғары әйелдерді алдын ала ауруханаға жатқызуға арналған. Пансионат он төсек-орынға жабдықталған.
— Әйелдер босану уақытына дейін тәулік бойы медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. Қызмет толықтай тегін көрсетіледі. Пансионатта жатқан кезеңде жүкті әйелдерге күнделікті кешенді медициналық тексеру жүргізіледі. Егер қандай да бір ауытқулар, асқынулар белгілері немесе босану процесінің басталуы байқалса, науқасқа жедел түрде білікті арнайы көмек көрсетіледі,— делінген Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Пансионат уақтылы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, жүктілік асқынуларын ерте диагностикалауға, қажетті медициналық шешімдерді жедел қабылдауға және ана мен бала өміріне қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектеспек.