Биыл ару қала Ақтөбенің іргетасы қаланғанына 157 жыл толды. Ақтөбеліктер қала күнін дүркіретіп тойлады. Гала-концерт «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңында ұйымдастырылды. Мерекелік кешке келген жандардың қарасы қалың еді. Қала тұрғындары мен кеш қонақтары нөсер жауынға қарамай, өнерпаздардың концертін тамашалады.

Қала күніне арналған концертте «Ақтөбе дауысы – 2026» қалалық байқауының жеңімпаздары шығып, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар әсерлі музыкалық нөмірлерін ұсынды. Көрермендер «Тамсан» тобының «Ақтөбем» әнін, Қуанышбек Қайратұлының «Түнгі қала» композициясын, Сабина Панабаеваның «Ғашық болу» әнін, Ақбота Қонанбайқызының «Сенің жаныңда» шығармасын және өзге де өнерпаздардың өнерін зор ықыласпен қабылдады. Әрбір орындаушы көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.

Қазақстандық эстраданың танымал жұлдыздары – Bayansulu, Еркеш Хасен, Qanay, Қазыбек Құрайыш, Ерке Есмахан және RaiM өнер көрсеткен сәтте Ақтөбеліктер мен меймандар әсерге бөленді. Сахнадан әншілердің көпшілік сүйіп тыңдайтын хит әндері мен танымал композициялары орындалды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ақтөбеліктер концерт соңына дейін алаңнан кетпей, би билеп, әнге қосылып, мерекенің жарқын сәттерін естелікке түсіріп жатты.

Қала күні мерекелік отшашумен аяқталды.