Халықаралық «Jibek Joly» туристік пойызы алғаш рет Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанды жалғайды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Жолаушылар 20-25 наурыз аралығында шаһарларды аралайтын мүмкіндікке ие болмақ.

– Ұлы Жібек жолының тарихи қалалары арқылы өтетін бұл бағыт Алматыдан басталып, Түркістан, Самарқан, Душанбе және Ташкентті қамти отырып, Орталық Азияның рухани және заманауи орталықтарын байланыстырады. Туристік пакеттің бағасына туристік пойызбен қатынау, кәсіби гидтердің қатысуымен әзірленген экскурсиялық бағдарлама, кіріс билеттері, сондай-ақ трансфер қызметтері қамтылған. Жобаның ерекше маңыздылығы оның Наурыз мейрамы мен қасиетті Рамазан айының аяқталуымен тұспа-тұс келуімен айқындалады. Сапар барысында қатысушылар Орталық Азия халықтарының мерекелік дәстүрлері, ұлттық салт-санасы, музыкасы мен әдет-ғұрыптарымен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болады, – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Бағдарлама және қатысу шарттары туралы толық ақпаратты төмендегі байланыс нөмірлері арқылы туристік агенттіктерден алуға болады:

  • +7 702 218 6809

  • +7 777 254 4335

  • +7 701 204 3439

  • +7 702 218 2220

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Jibek Joly» туристік пойызы 2025 жылы Республика күніне орай жолға шыққан еді. Пойыз Алматы – Түркістан – Отырар – Самарқанд – Бұхара – Ташкент – Алматы қалаларын қамтып, экскурсия ұйымдастырды.